ШҚО-да ауыл жастары екі жылда 50-ге жуық бұлақты қоқыстан тазартты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да ауыл жастары екі жылда 50-ге жуық бұлақты қоқыстан тазартты

12.07.2021

Шығыс Қазақстандағы Тарғын ауылының жастары соңғы екі жылда 50-ге жуық бастаудың көзін, бұлақтың жолын ашқан. Ұлан ауданына қарасты іргелі елді мекендегі игі іс шара биыл да жалғасын тапты. Туған жеріне жанашыр азаматтар бұл жолы өзеннің арнасын тазартып, судан тарығып отырған халықты қуаңшылықтан құтқарды.

Тарғын өзеніне 50-ге жуық бастаудың суы құйылады. Осыған дейін ауыл азаматтары төр жайлауға дейін барып, әрбір бастау мен бұлақтың көзін ашып қайтқан. Ал бұл жолы өзеннің арнасын тазарту үшін жиналды. Судың жолын бөгеп жатқан үлкен бөрене мен тастарды алып тастау үшін техниканы да қолдануға тура келді.

Аслан Мусин, Тарғын ауылының тұрғыны:
Кезінде аталарымыз осы орманның ішімен, осы өзеннің шетімен атпен жүріп, жайлауға барған кезде, ашатын. Айтатын, бұлақ көрсең көзін аш деп. Сол игі істі ары қарай жалғастырайық деген үміттеміз.

Тарғындағы жастардың бастамасы осы ауылда туып өскен, бірақ қазір басқа жақта тұратын азаматтар тарапынан да қолдау тапқан. Олар жанармай және басқа да шығындарды өз мойнана алыпты. Бұлақтың көзін ашып, өзеннің арнасын тазартуға ауыл азаматтары бір кісідей ат салысып жатыр.

Тілек Төкежанов, Тарғын ауылының тұрғыны:
Мен енді бұрыннан істегенмін. Үлкен кісілермен бірге болғанмын, аталарымызбен. Сол енді жастар айтқан соң қалай келмейсің? Тракторға отырып алдық да осы жаққа тарттық.

Тағылымды шараның нәтижесі бірден байқалады. Қазір Тарғын ауылының ішіндегі арықтармен сылдырап су қайта ағып жатыр. Халықтың бау-бақшасын нәр барып, күзде мол өнім алудан үмітті.

Тоқтаған Наурызбаева, Тарғын ауылының тұрғыны:
Арықтарымыз кеуіп қалып еді. Бірлік бар жерде тірлік бар, балалардың бәрі жиналып, тіршілік жасағанына рахмет. Ауылымыз көгеріп, малымыз су ішіп. Бау-бақшамыз көгеріп қалды. Жақсылыққа бастап жатыр.

Ынтымағы жарасқан елдің ырысы мол. Тарғын ауылының халқы осы ұранмен басқа да игілікті істің басынан табылды. Соңғы жылдары ауылға оралған жастар саны артып келеді.

Тарғын Аринов, Тарғын ауылының тұрғыны:
Ауылымыз дамып жатса, олар неге шетке барады, неге қаңғырып жүреді. Ауылға келіп, шаруаларын істеп, осынеда тұрып, отбасын құрып, ауылымыз өсіп, көркейіп жатса бәрімізге жақсы ғой.

Тарғын - биік таулардың арасында, үлкен тас жолдың бойында тұрған ауыл. Бұлақтардың көзі ашылып, арнасы тазаланған соң Тарғын өзенінде су деңгейі едеуір көтеріліп қалды. Елді мекенді одан ары көркейту үшін азаматтар күзде ауыл ішіндегі көше бойына жас көшеттер отырғызбақ.

Берік Көшербай


Хабарламаларға жазылу