Қызылордалық жастар малға шөп жинау жұмыстарына атсалысып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордалық жастар малға шөп жинау жұмыстарына атсалысып жатыр

12.07.2021

Сыр өңірінде Аралдағы қуаңшылыққа байланысты шөп ору басталды. Облыстың әр түкпірінен белсенді жастар мен бірге қарапайым тұрғындар да үн қатып, игі іске жұмылуда.

Арал ауданындағы қуаңшылық географиясы үш аумаққа бөлінген. Құрғашылықтың салдарынан жайылымға қылтанақ шықпаған 13 елді мекен «қызыл» аймақта. Ондағы жағдай да күрделі. Осындай қысылтаяң кезде жерлестеріне қол ұшын созған аралдық жастар шабындық жерлерден шөп оруға шықты. Барлығы 12 бригада құрылып, жасыл желегі бар 500 гектар жер белгіленген.

Абай Әбілбаев, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры:
Ауданымызда орын алған қиыншылыққа байланысты Сыр жастары үндеу тастап, осындай акция ұйымдастырып жатыр. Ел тұрғындарын, бір болуға, бір-бірімізге жәрдемдесуге үндеймін.

Қуаңшылықтың кесірінен өңірде 500-ге жуық мал қырылып қалды. Ең қатты зардап шеккен Арал ауданының шаруалары. Әр ауданның халқы қазір 500-1000 баудан шөп жинап үлгерді. Бірер күнде жиналған қор Аралға жөнелтілмек.

Жәнібек Жұбанов, Арал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
Қыстан мезгілінен шығу үшін малға 205 мың тонна шөп керек. Осы уақытқа дейін, 2220 тонна шөп келді. 50 тонна жем келді. Қармақшы ауданынан сондай ұсыныс түсті. Бізде қазір 500 бау пішен орылып тұр. Енді соны жеткізу жолдары қарастырылып жатыр деген.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу