Қалбатау-Майқапшагай халықаралық тасжолының құрылысы әлі аяқталмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қалбатау-Майқапшагай халықаралық тасжолының құрылысы әлі аяқталмаған

11.07.2021

Тағы да жол мәселесі. Шығыс-Қазақстан облысы Қалбатау-Майқапшагай халықаралық тасжолының «Қалбатау- Боғас» бөлігіне жауапты «КазГер» компаниясы графиктен кешігіп келеді. Ал «Боғас- Майқапшағай» бөлігін «Цинь- Цинь» компаниясы келесі жылы тамызда бітіретіндерін жеткізді.

Ылғи айтамыз – елдің сұрайтыны - алғышарттардың жасалғаны. Жол - соның бірі. Өкпені түсіріп, сілекпеңді шығарып, шаршатып жіберетін жолдар тұрғанда қандай даму, қандай өркениет? Берік Көшербайдың материалы.

«Қалбатау – Майқапшағай» тас жолын жаңарту жұмыстары 4 жыл бұрын басталған. Жоспар бойынша ауқымды жоба келесі жылы толық аяқталуы тиіс. Жол шетіндегі ақпараттық тақталарда бұл жөнінде тайға таңба басқандай жазылып тұр. Жолды қайта жөндеу жұмыстары қарқынды басталғанда осы өңірдегі халықтың қуанышында шек болмады. Бірақ, дәл қазір тақтайдай тегіс жаңа трассамен жүреміз деген үміттен гөрі күдік басым.

Берік Көшербай, тілші: 
Көкпекті ауылы мен Боғас бұрылысы арасындағы жолдың бір бөлігінде ескі асфальтты былтыр қырып тастаған. Бүгінде Тарбағатай және Зайсан ауданының халқы бұрынғы ескі жолға да зар болып отыр. Себебі шаңын астына шығарып мына кедір-бұдыр жолмен жүргенде көліктің де түгі қалмайды, ішіндегі адамның да жүйкесі жұқарып кетеді. Сондықтан болар ескі асфальты бар жолға түскенде адамдар қатты қуанады.

Жол азабын жүрген біледі. Зайсан, Көкпекті, Тарбағатай аудандарының халқы айналма жолдан әбден шаршаған. Уақытша түскен жолда шаңды басу үшін судың себілмеуі де көлік жүргізушілерін сергелдеңге түсіреді.

Саян Балшықбаев, көлік жүргізушісі: 
Қалаға барып келудің өзі ауыр болып тұр. Доңғалақ шақ келмейді, көліктің қосалқы бөлшектері шақ келмейді. Жол жоқ, арбамен барып келгендей боламыз.
Болат Оразғалиев, Ақсуат ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы: 
Оның үстіне, мына жол нашарлағаннан бастап мына Ақсуатқа келетін тауарлардың өзі қымбаттап жатыр. Тіпті, таксистер де жол бағасын көтеріп жіберді. Бір сөз айтсаң, жолдың нашарлығына тіреп қояды.

 Шығыс Қазақстан - транзиттік аймақ. Омбы-Майқапшағай жолы Қытайды Ресей арқылы Еуропамен жалғайтын дәліздің бірі. Қалбатау мен Зайсан арасындағы жол енді жөнделе бастағанда салаға жауапты лауазымды тұлғалар осыны жиі айтатын. Екі елдің арасындағы алтын көпір болумен ғана шектелмей, Шығыстағы жол бойында тұрған біраз ауыл қайта түлейді деп мақтана мәлімдеген. Бірақ, оны сезінбеген жұрттың реакциясы қандай екені түсінікті.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 
Өскемен мен Семейге жету бүгінгі таңда қиямет-қайым болып кеткен. Егер бұрын, ескі жолдың өзінде Ақсуат, Ақжар азаматтары сол Семей мен Өскеменге 4-5 сағатта баратын болса, қазір 12-15 сағатқа дейін жүреді. Әрине, адамдар шаршап кетеді. Сондықтан, бірінші мәселе, жолды аяқтау мерзімін анықтау.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саировқа осы жол мәселесі бойынша Шығыс Қазақстанның тұрғындарынан шағым көп түскен. Сондықтан ол өңірге келіп жағдайды өз көзімен көріп қайтты. Жалпы, «Қалбатау – Майқапшағай» трассасының ұзындығы 415 киллометр. Күніне мыңдаған көлік жүретін күре жолдың жартысын қытайлық Син Син, қалғанын олардың серіктесі, қазақстандық «КазГерСтрой» компаниясы қайта салу керек. Бүгінде Қалбатау мен Боғас арасындағы 204 киллометрде құрылыс жұмыстары өте баяу жүріп жатыр. Тапсырыс беруші болса, қаржыландыру бойынша ешқандай проблема жоғын айтады.

Нұржан Жұқабетов, «Қазавтожол» ҰК жол торабын дамыту департаментінің директоры: 
Жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес бұл учаскінің құны 71,5 миллиард теңге. Осы ақшаның 36 миллиарды аванс ретінде жұмыс басталарда берілді.

Ал «КазГерСтрой» компаниясы жол жөндеу жұмыстарының ақырын жүріп жатқанын ақшаның жетіспеушілігімен түсіндіріп отыр. Құрылыс материалдарының қымбаттап кетуінен жұмыс кестеге сай жүрмей жатқанын алға тартты.

Қанат Дырынбаев, «КазГерСтрой» ЖШС ШҚО бойынша филиалының директоры: 
Темір-бетон өнімдері өте қымбаттап кетті. Металл және метал өнімдерінің бағасы 2-3 есеге дейін қымбаттап кетті. Содан қаржылық тапшылық болды. Қаржылық қиындықтар бар. Қаржылық қиындықтар қазір құрылыспен айналысатын барлық мекемелерде бар. «Талдықорған -Қалбатау-Өскемен» жолын салып жатқан көршілерімізде де сондай қаржылық қиыншылықтар бар.

 Боғастың бұрылысынан бастап Майқапшағай шекарасына дейінгі 211 шақырым жолды жөндеп жатқан қытайлық мердігер қымбатшылық пен қаржының тапшылығына шағымданбады. Оларға тиісілі 5 учаскіде жұмыстар кестеге сай жүріп жатыр.

Фань Юнь Пың, «Син син» компаниясының басшысы: 
«КазГерСтрой»  біздің серіктес компания. Бүгінде тапсырыс беруші Казавтожолмен бірге олардың жұмысын жақсарту бойынша қолдан келген шараларды жасап жатырмыз.

Ал «КазАвтоЖол» компаниясының өкілдері жыр болып бара жатқан жол құрылысын күнделікті бақылауда ұстап отырғандарын айтады. Келесі жылы жаңа жол толық пайдалануға берілмесе, қазіргі бас мердігермен келісімшартты бұзып, басқасын іздемек. Осылайша күре жолдың күрмеуі әзірге қиын болып тұр. Зайсан, Тарбағатай және Көкпекті аудандарының халқы асфальты қырылған және шаңы аспанға көтерілген айналма жолдың азабынан қашан құтылатындарын нақты айту қиын.


Хабарламаларға жазылу