Президент өңірлерде көкөніс сақтайтын қоймалар салуды тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент өңірлерде көкөніс сақтайтын қоймалар салуды тапсырды

11.07.2021

Кеше сенбіде Мемлекет басшысының қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өткен – әрине, қуаңшылықтың кесірінен мал қырылып, шаруалардың қиналып отырғаны сөз болды.

Президент сөзінен цитата: «...Осы салаға бірден-бір жауапты тұлға ретінде министр Сапархан Омаровтың отставкаға кеткені дұрыс деп есептеймін. Бұл жұмыс, әсіресе, дағдарыс кезінде қолыңыздан келмейді екен.

...Үкімет пен әкімдер «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, зиян шеккен фермерлерге қолдау көрсету үшін шұғыл түрде кешенді шаралар әзірлеуге тиіс. Үкіметтің төтенше жағдайға арналған резервін пайдаланыңыздар, қажетті көмекті беріңіздер.

...Мына нәрсеге назар аударғым келеді:

...Ең алдымен, қиындыққа тап болған өңірлерге жем-шөпті жедел жеткізіп, малдың қырылуын тоқтату керек. Төтенше шара ретінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан шөп жинау мүмкіндігін қарастырған жөн».

Ең маңыздысы – халықтың тұрмысы. Қ.Тоқаев Үкіметке азаматтардың табысын арттыру үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын дей келе, «Бұл – оңай жұмыс емес. Өйткені жұмысшылардың, жұмыс берушілердің мүдделері және бюджеттің мүмкіндігі арасындағы теңгерімді табу өте маңызды. Жұрттың күтіп отырғаны да – осы. Қазақстан халқына Жолдауымда бұл бағыттағы нақты шаралар жөнінде айтуым керек» деп тапсырды.

Күн тәртібіндегі өзекті мәселенің барлығы дерлік қаузалған жиын болды. Альбина Әшімнің материалы.

«Жұт жеті ағайынды» екеніне соңғы уақытта қазақтың көзі әбден жетті. Індет, өрт, сел, апаттар, енді, міне, қуаңшылық. Зардабын, әсіресе, Маңғыстау мен Қызылорда облыстары қатты тартып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бір ғана Маңғыстаудың өзінде жаппай қырылған малдың саны 3 мыңға жетті. Бір тонна шөптің орташа бағасы 23 мың теңге, ал кейбір аймақта 42 мың теңге болды. Мұның неге әкеп соқтыратыны белгілі. Тапшылық туындайды, баға өседі. Скл. Соның кесірінен шаруаларымыз тығырыққа тіреліп отыр. Нақты іс-әрекет пен кері байланыс жоқ. Сондықтан фермерлер көмек сұрап, тікелей маған өтініш айтуда.

 Қуаңшылық табиғи жағдай екенін президент те, қарапайым халық та түсініп отыр. Бұл процесті болдырмауға адамның қауқары жетпейді, әрине. Бірақ Ауыл шаруашылығы министрлігі метеорологиялық қызметпен тығыз байланыс орнатып, жұмыс істеуі тиіс екенін де ұмытпайық. Алдын-ала болжам, қала берді, төтенше жағдайда шұғыл шешім қабылдау маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әкімдіктердің және Ауыл шаруашылығы министрлігінің тарапынан дұрыс шешім қабылданбаған. Жүйелі әрі нақты жұмыс атқарылмаған.  Сондықтан осы салаға бірден-бір жауапты тұлға ретінде министр Сапархан Омаровтың отставкаға кеткені дұрыс деп есептеймін. Бұл жұмыс, әсіресе, дағдарыс кезінде қолыңыздан келмейді екен.

Омаровтың орнына министр міндетін уақытша Ербол Қарашөкеев атқарады. Соңғы қызметі – Қаржы министрінің орынбасары. Алдында «Қазагро»-ны 2 мәрте басқарған. Әрине, Қарашөкеев келісімен, бейнелеп айтқанда шөлейттерде бірден шөп шығып кетеді деп күтпейміз. Бірақ жұрттың жұтап, малы қырыла бастағанына да ай асып, халықтың үкіметтен үміт үзгенін ескерсек, шұғыл шаралар қабылдамаса болмайды.

 Шымкенттік 25 жастағы жігіттің үндеуі мен еңбегі үлгі болып, қайырымды жандар бірі ақшалай, енді бірі шөп орып көмектесе бастады.

 Құрмет Талапқазы, Шымкент қаласының тұрғыны:
Қазақтың таулы беткейлерінде, Шығыс Қазқастанда ел бармаған, белуардан келетін шөп бар. Пысып, өз бабында тұр. Соны біз орып, жинап. Қыстың қамын жасауымыз керек. Биліктегі ағалар, сіздердің жұмысбасты шаруаларыңыз болса да, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жол апаты болмас үшін жол тасымалы, вагон-пойызды қамтамасыз етулеріңізді сұраймыз.

Алыстағы ағайынға алаңдап, қол ұшын созған Құрмет басты құрметін – халық алғысын алып жатыр. Дегенмен оның пенде сияқты марқаюына мүмкіндік жоқ, себебі шабылған шөпті жеткізіп беруде проблема барын да айтып отыр. Қоғам өзі ұйысып, қолдан келгенін істеп жатыр, ал атқарушы билікке ең болмағанда соны іліп әкетуге не кедергі?

Біз үкіметке қойылған талаптарға ойыссақ. Төтенше жағдайға арналған резервті пайдаланып, қиындыққа тап болған өңірлерге жем-шөпті жедел жеткізіп, малдың қырылуын тоқтату керек. Жемді сыртқа шығаруға уақытша тыйым салып, қатты зардап шеккен шаруалардың кредиттерін қайта қарап, жем-шөп үшін қосымша субсидия бөлген жөн. Шұғыл шаралардан бөлек, президент жүйелі түрде жем-шөппен қамтуды, болжам жасау қызметін жетілдіруді тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев жайылымдық жер мәселесіне тағы тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазір мал жаю үшін 29 миллион гектар жер қажет. Соған қарамастан шаруа қожалықтары 33 миллион гектар жерді пайдаланбай отыр. Ауылдық округтердің 80 пайызында жайылымдық жер тапшы. Бұл, әсіресе, Түркістан, Алматы және Қызылорда облыстарында айқын сезіліп отыр. Үкімет пен облыс әкімдері прокуратура органдарымен бірлесіп, игерілмей жатқан жайылымдық жерлерді ауыл тұрғындарына қайтарып беру ісін қолға алуы керек.

Жайылымы жоқ шаруаның малын сатып жіберуден басқа амалы қалмайды. Мал қуаңшылықтан та азаятыны түсінікті, демек ет қымбаттайды. Осылай, тізбек жалғаса береді. Онсыз да пандемия қыспаққа алып, әлем бойынша азық-түлік құны 40 пайызға өскен. Елдегі жағдай, тіпті, мәз емес. Осы жарты жылдағы инфляция деңгейі – 7,9%, нысаналы 4-6% дәлізден асып кетті.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Азық-түліктің қымбаттауы өткір проблемаға айналды. Пандемия еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігі ақсап тұрғанын ашып берді. Әрине, Қазақстан экономикасы ашық екенін, сондықтан импорт пен экспорт үшін нарықты жауып тастай алмаймыз. Бірақ отандық ауыл шарушалығы саласы ішкі нарықты басты өнімдермен қамтамасыз ете алмауына қатысты сын орынды.

Президент өндірістегі кедергілермен қатар бағаға делдалдар да кері әсер ететінін ашып айтты. Сондықтан құзырлы органдарға олардың айла-әрекетін анықтауды, бағаның қолдан өсуіне жол бермеуді кезекті рет тапсырды. Азық-түлік сақтайтын қоймалардың аздығы тағы бар. Ондай қойма 6 аймақта ғана. Сондықтан Тоқаев үкімет пен әкімдерге бірлесіп, сансыз бағдарламалардың бірінің қаражатын осы мақсатқа пайдалану керек, -деді. Құрылыс материалдарының күрт қымбаттауы да тіршілікті қиындатып отыр.

 Жиында Мемлекет басшысы тоқталған келесі мәселе – вакциналау процесі. Тұтас ұлт саулығына қауіп төніп тұрғанда қауесет тарататындарды сөкті.Ал екпе салынғаны туралы жалған құжат істеу – бұл енді ешқандай ақтауға келмейтін қылмыс.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Екпе салуға қатысты жалған құжаттар туралы деректер пайда болып жатыр. Бұл – қоғам үшін өте қауіпті жағдай. Өйткені, халық көп жиналатын жерлерде дерт жұқтырған адам да жүруі мүмкін деген сөз. Сондықтан құқық қорғау органдары осы мәселеге баса назар аударуға тиіс.

Жұмада Жемқорлыққа қарсы агенттік басшысы елордада, Ақмола мен Алматы облыстарында екпені төгіп тастап, жалған паспорт берген дәрігерлер ұсталғанын мәлімдеді. Кеше астанада жекеменшік медициналық мекеменің де сөйткені анықталды. Сонымен бірге полицейлер Алматыда қажылыққа аттанғалы тұрған 143 адамға вакцина паспорттарын қолдан жасаған туристік компанияны тапты. Жалпы, мұндай құжат сатылатыны туралы айтыла бастағалы қашан...

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
 Үкімет еліміздегі вакцинация бойынша қазіргі көрсеткіштерді маған баяндады. Алайда, ашығын айту керек, бұл жұмыстың қарқыны әлі де мардымсыз. Нақты қадамдар жасау қажет. Түптеп келгенде, азаматтарымыз өздерінің және жақын туыстарының денсаулығын ойлап, саналы түрде шешім қабылдауы керек. Антиваксерлердің қауесет, даңғаза әңгімелеріне сенудің қажеті жоқ. Сондықтан біз екпе салу науқанын жалғастырамыз.

Кейбір жекелеген салаларда вакцина салдыру міндетті болады. Президент бұл үшін заңнамалық та, конституциялық та негіз бар екенін атап өтті. Өйткені бұл – әркімнің отандастары алдындағы парызы. Алайда вакциналау санды қуалаған науқаншылыққа да айналмауы тиіс. Медициналық себептерге байланысты екпе ала алмайтын адамдар да бар екенін ескерген жөн. Жұртшылықтың сұрауымен, ДДСҰ құптаған Пфайзер де Қазақстанға әкелінбек. Президент америкалық вакцинаның 2 млн дозасы мамырда жеткізілуі тиіс болғанын айтты. Бірақ компанияның сатып алушыларға қойған шарттарына байланысты тасымал жүзеге аспаған көрінеді.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жақында жаңа ұсыныс түсті. Онда барлық іс-қимыл алгоритмі көрсетілген. Президент тиісті жарлыққа қол қоюы тиіс екен. Қажет болса, әрине, мұны істеймін. Үкіметке, ПӘ-не осы жағдайдың анық-қанығын анықтап, біз үшін қажет препараттың жеткізілмей қалуына себеп болған лауазымды тұлғаларға қатысты шара қолдануда тапсырамын.

Ковидпен күресіп жүргенде халық саулығы бойынша көрсеткіштер де күрт нашарлап кетті. Аналар өлімі үш есе, жүрек ауруларынан келетін ажал 40 пайызға артты. Мұның бірден-бір себебі: реанимация мен жедел жәрдем қызметтерінде тиісті қондырғылардың тапшылығы. Ал медициналық жабдықты сатып алардағы басты шикілік – бағаның тұрақсыздығы.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бір құралдың құны әр аймақта әртүрлі. Кейде бір өңірдегі клиникалардың өзінде әртүрлі болып, құбылып тұрады. Мысалы, жасанды жүрек клапанының бағасы 165-тен 600 мың теңгеге, ал коронарлық стенттікі 150-ден 500 мың теңгеге дейін барады.

Сондықтан теңсіздік пен жемқорлықты жою үшін медициналық қондырғыларды сатып алу процесін не орталықтандырып, не мемлекеттік реттеуді енгізу керек.

Жалпы бұл жолы қаузалған мәселе көп-ақ. Баяғы ауыз су, жол сапасы, ауылдағы жұрттың жұмыссыздығы, тағысын-тағы. Ал шұғыл түрде сенбіде өткізілген отырыстан түйген басты ой: коронавирусты түбегейлі жеңуді армандаудың өзі ерте. Қасым-Жомарт Тоқаев шынайы ахуалды жасырмай, пандемия жағдайындағы өмірге бейімделіп, вирустың таралуы мен салдарын азайтуға талпыну керек деді. Оқыту жүйесін қайтадан дәстүрлі форматқа көшіруді тапсырды. Өйткені онлайн оқудың олқылығы көп екенін көрдік. Ендігі мақсат: оқушылар мен мұғалімдерді барынша қорғайтын кешенді тәсіл әзірлеу. Ал үкіметтің ең басты миссиясы – экономиканы әлдендіру, елдің ішкі, сыртқы қарыздарын тиімді басқару. Болжам жағымсыз. 4 жылдан кейін үкіметтің сыртқы қарызы 21-ден 49 пайызға жетуі мүмкін. Ұлттық Қорға да қолды шеңгелдеп салып, бюджетті сонымен толтырып отырмыз. Ал алдағы 25 жылда мемлекеттің міндеттемелерін орындау үшін шығын 6 есе өсетінін ескерсек, ойланатын кез келгені анық. Сондықтан президент сөзін «Бізге ынтасыз, жаны ашымайтын шенеуніктер қажет емес, ондай масылдардан құтылу керек» деп аяқтады.

Альбина Әшім


Хабарламаларға жазылу