Төлеби ауданында тұрғындар сатылып кеткен жайылымдарды қайтаруды сұрайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Төлеби ауданында тұрғындар сатылып кеткен жайылымдарды қайтаруды сұрайды

09.07.2021

Түркістан облысының Төлеби ауданында жайылым жерлер жекеге сатылып кеткен. Алатау ауылдық округіне қарасты үш елдімекеннің халқы мал жайылатын жерлерді бірлестік төрағасы өз атына заңдастырып алып, оңды солды сатып жатыр деп кінәлайды. Қазірдің өзінде жерді алған кәсіпкерлер Біркөлік тау шатқалындағы жайылымдарды қоршап алып, мал жақындамас үшін айналаны улап тастаған. Тілші тарқатады.

Төлеби ауданына қарасты Екпінді мен Қосағаш және Біркөлік елдімекендері тұрғындарынан бұл күнде маза кеткен. Ауылға ауданнан басшы келді дегенді естіген халық оны сан сауалдың астына алды. Айтуларынша 800-ге тарта тұрғынның малы жайылуы тиіс жерлер осыдан үш жыл бұрын жеке азаматтың қолына өтіп кеткен. Содан бері жұрт жайылым жерлерді қайтара алмай жүр.

Жердің бірлестік төрағасының атына заңдастырылғанын халық тек екі жылдан кейін білген. Артынша сотқа шағым түсіргенімен, оны қарау мерзімі өтіп кеткен деген жауап алған. Жерді заңдастырып алған бірлестік төрағасы Ғалымжан Ибрагимов болса тұрғындар айтқан уәжбен келіскісі жоқ. Оның сөзінше, төраға болып сайлағанда 740 адам мүшелікке емес, мал жаюға рұқсат беретін ортақ келісім-шартқа отырған.

Ғалымжан Ибрагимов, бірлестіктің төрағасы:
Жердің қазіргі қожайыны телефонмен сұхбат беруде. Мен жер сататындай әкім емеспін. Жер сату үшін әкім қаулы шығару керек. Бұл жерле 2006 жылдан бастап 2011-ге дейін 1200 гектардай жер сатылып кеткен. Оны аудандық жер қатынастары бөлімі, ауылдың әкімдері бірігіп, жерлерді сатқан. Ал, солар арты ашылып кететін болғаннан кейін маған халықты қарсы ұйымдастырып жатыр.

Ал, жекеменшікке өткен жерлерге қазір демалыс орындары салынып жатыр. Базбірі тіпті қоршап алып, мал өтпес үшін улы дәрілер шашқан.

Мақсат Жұмабаев, Алатау ауылдық округінің әкімі:
Изуми деген демалыс орны мал жайылатын жерді қоршап алған. Ол кезінде 2006-2007 жылдары кәдімгі госактімен берілген жерлері. Қайтару бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Біз ол құжаттарды жинап, сотқа жолдаймыз. Онымен құзырлы мекемелер айналысатын болады.

Бұл мәселеге орай аудан басшылығы арнайы жер қорына 5,5 мың гектар жайылым қайтарылуы тиіс деп хабарлады. Бүгінгі күні соның 3 мың 200 гектары мемлекет есебіне алынған. Қайтарылуы тиіс жердің қатарында Алатау ауылдық округінің жайылым алқаптары да бар. 

Айнұр Ақбаева 

Хабарламаларға жазылу