Жамбыл облысы Меркі ауданының тұрғындары жанармай бекетінің құрылысына қарсы. Ауылдағы ағайынның айтуынша жаңа нысан жоғарғы кернеулі электр желісінің астында орналасқан. Әрі үйлерге тым жақын. Әйтседе, жергілікті кәсіпкер тұрғындардың қарсылығына қарамастан жанармай бекетінің құрылысын бастап кеткен. Сәбит Әлдебай тараптарды тыңдап қайтты.
Дабыл қаққан Ойтал ауылының тұрғындары жанармай бекеті халық үшін қауіпті дейді. Өйткені нысан тұрғын үйлерге тым жақын. Оның үстіне тұрғындар тынығатын тоғайдың қасында. Әрі май құю бекетінің маңында жоғары кернеулі электр бағаналары бар.
Манап Бейсенбетов, ауыл тұрғыны:Бұл қауіпті, темір жол жақын, бұл бір. Екіншіден десятка өтіп жатыр қасынан, тура түбінде. Халыққа да, балаларға да, бәріне де қауіпті.
Тұрғындар демеушілердің көмегімен спорт алаңын соғу үшін әкімдіктен ыңғайлы жер бөлуді сұраған. Алайда жерді ел игілігі үшін емес, бензин бекетін салуға берді дейді. Кәсіпкер болса құрылысқа қажетті барлық құжаттар барын айтады.
Аңсар Сүлеев, кәсіпкердің заңгері:Әкімге кірдік қой, әкім айтты осылай-осылай мен халықпен сөйлестім. Спорт алаңын соғып берсең рұқсатымды берем деді. Өзім сөйлесем деді. Қай әкім? Осы ауылдың әкімі рұқсат берді.
Округ әкімі болса жер осыдан 14 жыл бұрын жекеге сатылып кеткенін айтады.
Арман Рахымбеков, Ойтал ауылының әкімі:Маған кеп құжаттарын көрсетті, мен сізге айтып отырмын ғой мен ешқандай қол қойғам жоқ, рұқсатымды берген жоқпын. Енді бұл жекеге сатылып кеткен ғой. Бұл кісінің пәленбай шығыны шықты, оған қайтадан Үкімет тарапынан ондай ақша берілмейді ғой.
Тұрғындардың қарсылығынан кейін құрылыс уақытша тоқтады. Бірақ кәсіпкердің өкілдері барлық рұқсатын алға тартып, соттасуға бекініп отыр.
Сәбит Әлдебай