Қарағанды мен Днепр қалалары ынтымақтастықты арттырмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды мен Днепр қалалары ынтымақтастықты арттырмақ

09.07.2021

Украинаның Днепр қаласы келешекте Қарағанды облысымен қарым-қатынасты арттыра түспек. Елорданың туған күніне орай Қарағанды облысы мәслихатының делегациясы Днепропетровск өңірінде болып, ынтымақтастықты дамтыу жөнінде меморандумға қол қойды. Осы өңірден Аида Әбіл баяндайды.

Қазақстандық тарап ең алдымен, жыр алыбы Жамбылдың ұлы Алғадайдың бейітінің басына гүл шоқтарын қойды. Украинадағы қан майданда Алғайдай 43- жылы қаза болып, ұзақ жылдар бойы із-түссіз жоғалғандар қатарында болған. Алайда, Украинаның іздеу топтары абыз ақынның ардақты ұлын тауып, сүйегін 1998 жылы арулап қайта жерледі.

Евгений Трушенко, Краеведческ мұрағатының директоры:
43 жылы болған ұрыста, қаза тапқан 19 полктың тізімі қолымызға тиді. Тізімде қазақ жауынгерлері өте көп еді, арасында талай жыл бойы іздеп жүрген Жамбыл Жабаевтың ұлы Алғадайдың есімін көріп, бірден Қазақстанға хабар бердік.

Сапардың екінші күні Қарағанды облысы мәслихаты мен Днепропетровск өңірінің кеңесі «ұзақмерзімді ынтымақтастық» туралы екіжақты меморандумға қол қойды. Бұл құжат - қос өңірдің арасындағы өндірістік және сауда-экономикалық байланысты бекемдей түспек.

 Серік Өтешов, Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы:
 Днепропетровск пен Қарағанды облысы бір-біріне өте ұқсас облыстар. Экономика және даму жағдайы бойынша өте ұқсас, сондықтан алдағы уақытта көп іс пен шаралар атқарылады деп ойлаймыз.

Украинаның Днепр қаласында мемлекетіміздің осы аймақтағы Құрметті консулдығы салтанатты түрде ашылды. Қазақстанның консулдығы бұдан өзге Украинаның ірі қалалары: Харьков, Одесса және Львовта бар.

Дархан Кәлетаев, Қазақстанның Украинадағы Өкілетті және төтенше елшісі:
Менің ойымша бұл жаңа талпыныс береді екі елдің қарым-қатынасына, ары қарай бірлесе жұмыс жасауына. Әсіресе сауда саласына, бизнес саласына үлкен әсер береді деген сенімдемін.

Келешекте Қазақстанның құрметті консулдығын Украинаның Умань қаласында да ашу жоспарланып отыр.

Аида Әбіл 


Хабарламаларға жазылу