Литвада Тәуелсіздіктің 30 жылдығына көрме ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Литвада Тәуелсіздіктің 30 жылдығына көрме ашылды

07.07.2021

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Литвада Қазақстанның таңғажайыптарын паш ететін көрме ашылды. Еліміздің осы мемлекеттегі елшілігі мәдени шараны Вильнюстің ең танымал туристік ауданы Ужуписте ұйымдастырды. Қазақстанның танымал тұлғалары мен көрікті жерлері жайлы көрмені литвалықтар мен туристер шілденің соңына дейін тамашалайды.

Вильнюстің ең көрікті ауданы Ужупис-Париждің Монмартрімен пара-пар. Сырға толы тарихи ауданды жергілікті жазушылар, суретшілер мен музыканттар 1997-жылы «Дербес Республика»деп жариялаған. Заңды түрде танылмаса да Ужупистің өз Президенті, Премьер-министрі, мемлекеттік рәміздері мен төл ақшасы бар. Конституциясы әлемнің 40-тан астам тіліне, қазақшаға да аударылған.

Сержан Қадырбаев, Қазақстанның Литвадағы елшілігінің кеңесшісі: 
Біз елшілікпен 2018 жылы елордамыздың мерейтойына орай осындай мереке жасап, қазақ тілінде Ата заң аштық. Көріп отырғаныңыздай бұл Ата заң қазақ әліпбиінің латын тілінде бекітілген алғашқы нұсқасымен жасалған. Сол үшін біз Ужуписке келген қазақстандықтар Ужупистің Ата заңын қазақ тілінде көріп, қуанады деген сенімдеміз.

 Вильнюстің ең көрікті мекені Ужуписті көруге жылына мыңдаған турист ағылады. Көптің көзіне түссін деп еліміздің Литвадағы елшілігі көрмені Вильняле өзенінің жағалауына жайғастырды.

Виктор Темірбаев, ҚР Литвадағы төтенше және өкілетті елшісі: 
Бұл көрмеден көпшілік қазіргі Қазақстандағы қайнаған өмірді, ата-бабаларымыздан қалған тарих пен табиғаттың сұлулығын тамашалай алады.Сондай-ақ, Қазақстанның 30 жыл ішінде жеткен жетістігіне куә болмақ.

Көрмеге қойылған 12 сурет алыстан-ақ көздің жауын алады. Маңғыстау үстірті, Алматыдағы Шымбұлақ пен Шарын шатқалы, Қайыңды көлінің сұлулығына көпшілік тәнті болды. Нұр-сұлтанның сәулеті мен Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесін көру үшін литвалықтар арнайы сапарламақ.

Сакалас Городецкис, Ужупис Республикасының премьер-министрі: 
30 жыл ішінде Сіздер жоғалғатқандарыңызды түгендеп, геосаяси тұрғыда екі алып көршінің ортасында отырып, мемлекеттілікті сақтауға және нығайтуға күш салдыңыздар. Осының барлығын еш қақтығыссыз жүзеге асырғандарыңызға қуаныштымыз. Бүгінгі көрме-сол жетістіктеріңіздің айнасы.

 Көрмедегі Геннадий Головкин мен Димаш Құдайбергеннің суреті де көпшілікті елең еткізді. Арнайы QR код арқылы тұрғындар көрме, кумирлері жайлы мол мағлұматқа қанықты. Димаштың қазір Литвада 2 мыңнан астам жанкүйері бар. Эпид ахуал түзелсе, фанаттар сүйікті әншілерінің концертін Ужуписте ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу