Ұлттық домбыра күні биыл Түркияда ерекше аталып өтті. Үш күнге созылған шарада Түркияның әр түкпірінен жиналған домбырашылар бірнеше концерт қойды. Пандемия болғандықтан өнерпаздар концертке екі ай бойы онлайн дайындалған. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен домбыра күніне орай Анкара қаласында өткен әдемі кеш туралы Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлының материалында.
Айдос Әшімұлы, тілші:Ұлттық домбыра күні биыл Түркияда ерекше аталып өтті. Анкарадағы Президенттік ұлттық кітапханада 50 домбырашы жиналып, қазақтың қоңыр күйін күмбірлетіп әнін асқақтатты. Бір ерекшелігі домбырашылардың барлығы кәсіби музыкант емес. Бірі қарапайым студент болса, енді бірі осында жұмыс бабымен жүрген отандастарымыз.
Сағыныш Анкарадағы Анадолу университетінің докторанты. Негізгі мамандығы журналист. Дегенмен домбыра шерткенді жаны сүйеді. Ұлттық домбыра күніне арналған шараға қатысу үшін аз уақытта бірнеше күй меңгеріпті.
Сағыныш Назар, докторантураның 2 курс студенті:Қазақстанда жүргенде домбыраға аса мән бермейсің ғой. Ал сыртқа шыққан кезде домбырамен сырласасың. Өйткені туған елге, туған жерге деген сағыныш бар. Ішіңдегі нәрсенің барлығын домбыраны шерткен кезде төгіп, барыңды салған кезде бәрі керемет болады. Домбыра сенің туған жерің сияқты. Айтады ғой нағыз қазақ қазақ емес нағыз қазақ домбыра деп.
Домбыра шанағынан ән-күй төгілген концертті түркиялық көрермен жылы қабылдады. Тек қазақ емес, түрік, ноғай, татар тіпті жапон ұлтының өкілдерінен құралған өнерпаздарды сахнадан жібермей, қошаметке бөледі.
Фаик Акйылмаз, көрермен:Мен өзім Газиантеп қаласынан осы концертке арнайы келдім. Қазақ домбырашылардың өнерінен керемет әсер алдым. Бізде ұлттық аспапқа арналған дәл осындай арнайы мереке жоқ. Осындай ерекше кеш өткізген қазақ бауырларыма айтар алғысым шексіз.
Түркия Президенті резиденциясының аумағындағы елдің ең үлкен кітапханасы былтыр ашылған. Алайда пандемия тұсында бір жылдан аса жабық тұрды. Түркиядағы Қазақстан елшілігінің мұрындық болуымен зәулім сарайдың концерт залында карантиннен кейін алғаш болып ұлттық домбыра күніне орай осындай ауқымды шара ұйымдастырылды.
Абзал Сапарбекұлы, Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі:Біздің мақсатымыз біздің ұлттық домбыраны тек қазақтың ғана домбырасы емес бүкіл түркі әлеміне ортақ музыкалық мұрасы ретінде таныстыру. Тек қана домбыраның күйін емес сол күйдің мән мағынасын да түркі халқына жеткізу.
Домбыра күніне арналған шара тек концертпен шектелген жоқ. Домбырашылар Анкараның тарихи және көрікті жерлерін аралап, қала тұрғындарына қазақтың ән-күйін орындап, ұлттық аспабымыздың үнімен сусындатты.
Айдос Әшімұлы