Олимпиада нысандарына кіретін адам саны шектеледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Олимпиада нысандарына кіретін адам саны шектеледі

07.07.2021

Бангладеш астанасы Даккада коронавирустың өршуіне байланысты қатаң шектеулер тағы бір аптаға ұзартылды.

Оңтүстік Азиядағы мемлекетте вирустың көршілес Үндістаннан шыққан «Дельта» штамы тарап жатыр. Сейсенбіде мұнда инфекциядан 163 адам қайтыс болып, 11 500-ден астамы жұқтырған. Ал, коронавирустан қаза тапқандардың жалпы саны 15 400-ге жуықтап отыр.

Пандемияға байланысты, елде кеңселер жабылып, транспорт тоқтап тұр. Бірақ, зауыттар, жедел жәрдем және тұрмысқа қажетті заттар тасымалдайтын көліктердің жұмыс істеуіне рұқсат етілген.

Ал, Жапонияда Токио Олимпиадасы өтетін нысандарда адам санын мейлінше азайту қажеттігі айтылып жатыр. Ел үкіметінің денсаулық сақтау жөніндегі бас кеңесшісі Сигэру Омидің сөзінше, бұл шара «ковидтің» таралуына жол бермеу үшін маңызды.

Сигэру Оми, Жапон үкіметінің денсаулық сақтау жөніндегі кеңесшісі:
Бұған дейін айтқанымдай, Олимпиада өтетін күндері алаңдарға адамдарды көптеп кіргізбеген жөн. Бұл өте маңызды. Шектеу Олимпиаданың өтуіне қатысы бар тұлғаларға да тарайды.

Сонымен бірге, Оңтүстік Кореяға Израильден Pfizer / BioNTech вакцинасының 700 мың дозасы жеткізілді. Бұл екпелер шілденің 13-де Сеулде басталатын вакциналау науқанына бағытталмақ. Соңғы деректерге сай, елде екпе салдыру деңгейі жақсарып, коронавирустан өлім-жітім деңгейі 1,25 пайызға азайған. 

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу