«Qazaq. Алтын адам тарихы» деректі фильмінің тұсауы кесілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qazaq. Алтын адам тарихы» деректі фильмінің тұсауы кесілді

07.07.2021

«Қазақ. Алтын адам тарихы». Елордада осы деректі фильмнің премьера алдындағы көрсетілімі өтті. Негізгі кейіпкер, сұхбат беруші – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Туындыға танымал америкалық кинорежиссер, «Оскар» сыйлығының үш дүркін иегері Оливер Стоун продюсерлік етіп, Нұрсұлтан Назарбаевтан сұхбат алған. Ал фильмнің режиссері - Украина мен АҚШ киноиндустриясының қайраткері Игорь Лопатёнок. Америкалықтардың қазақ басшысы туралы деректі фильм түсіруіне не түркі болды? Келесі бейнематериалдан біле аласыздар.

Америка киноиндустриясының майталмандарын қазақ елі құрметпен қарсы алды. Өнімдерінің 40-тан астамы, ал өзі 3 рет «Оскар» алған режиссер Оливер Стоун Нұрсұлтан Назарбаевтан сұхбат алуға ұзақ дайындалғанын айтты. Жалпы, деректі фильм 2 жылға жуық уақыт түсірілген.

 Оливер Стоун, «Qazaq. History of the golden man» деректі фильмінің авторы: 
 Біз екі рет келдік. Екеуінде де Назарбаевқа кез келген сұрақ қоя алатыныма көзім жетті. Маған Қазақстанның АҚШ, Ресей, Қытаймен қалай тепе-теңдік ұстап тұрғаны қызық болды. Өйткені АҚШ әлемді бақыласа, барлығы үшін қауіпті болмақ. Назарбаев та тепе-теңдіктің сақталып, бейбіт өмір болуын қалайды. Қазақстан Қытай мен Ресей ортасында тұр. Тараптардың түрлі мүддесі бар. Ал Назарбаев - осы тар жолмен жүріп, халықтар арасында кикілжіңсіз келіссөз жүргізе алатын адам.

Иә, фильмде бірталай өзекті де өткір мәселелер қозғалады. Ядролық қауіпсіздік, қақтығысып жатқан тараптарды бітімгерлікке шақыру, осылайша Қазақстанның халықаралық аренадағы орнын айшықтау.

Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы: 
Қазақстан ядролық қарудан бас тартқан бір мемлекет. Бізде дүние жүзіндегі ең үлкен ядролық сынақтарды өткізген Семей полигоны болған. Біздің тұңғыш президент КСРО құрамында болғанның өзінде осы полгионды жабу туралы шешімді қабылдаған және ядролық қарудан бас тартқан.

Түсіру тобы Семейге барып, сынақтардың салдарына куә болады. Жалпы, фильмде еліміздің бірнеше аймағы қамтылған. 8 сериядан тұрады. Оның режиссері Игорь Лопатёнок қазірдің өзінде Showtime, HBO, Amazon сынды ірі платформалардан ұсыныс түскенін айтты. Қазақты тануы үшін бұл фильмді шетелдерде көрсету керек екенін Ақпарат және қоғамдық даму министрі де құптап отыр.

 Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі: 
Тәуелсіз еліміздің қалыптасып, нығайтқандағы рөлін аса айқын көрсетіп өтті. Сондықтан мұндай туындыларды тек ішкі аудиторияға емес, шетелдерде де көрсету өте маңызды.

Фильмге музыка жазған композитор – «Алтын глобус» иегері Карло Силиотто. Ал орындап берген – «Астана опера» симфоникалық оркестрі. Бұл фильмде әсем әуен, көрікті көрініс, сүбелі сұхбат та бар, қазақ халқының өткені, бүгіні мен ертеңге үміті жатыр. Сондықтан кез-келген көрерменді бей-жай қалдырмауы тиіс.

 Ақан Сатаев, «Қазақфильм» АҚ президенті: 
Бұл енді халықаралық деңгейдегі жоба ғой. Оливер Стоунның қатысуы және қойылған сұрақтар, оның сапасын, алынған жауаптардың сапасы. Өте сондай шынайы бір әңгіме болды.

Оливер Стоун Нұрсұлтан Назарбаевтан «отставкаға кеткенімен, Қауіпсіздік Кеңесін, билеуші партияны басқаруға не себеп екенін, Елордаға аты берілгеніне қалай қарайтынын» сұрап біледі. Ал сұрақтардың жауабын көзі қырағы көрермен фильмнен біле алады.

Альбина Әшім


Хабарламаларға жазылу