Елбасы Ұлттық арнаға сұхбат берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Ұлттық арнаға сұхбат берді

07.07.2021

Астана күні мерекесіне орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Qazaqstan» ұлттық телеарнасына эксклюзивті сұхбат берді. Журналист Ләззат Танысбайға берген сұхбатында Елбасы елорданы арқаға көшіру, халыққа жасалған және жасалатын игіліктер, жаңа қала салу жолындағы қиындықтар мен олардың шешімі туралы баяндады. Сондай-ақ, бас қаланың болашақта қалай өзгеруі мүмкін екендігі туралы біршама жоспарларымен бөлісті. 

Елорданың құрылысы қиын кезеңде басталды. Тоғыз жолдың торабында тұрған шағын қалашықтан «Астана» жасап, ірі мегаполиске айналдыру туралы идеяны қолдамағандар да көп болды. Алайда Елбасының идеясы жемісін беріп, аз уақыт ішінде Қазақстанның орталығында әлем назарын аударатын, сәулеті келісті, экономикасы мен мәдениеті дамыған әсем шаһар пайда болды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы:
Бұл қаланы салудың алдында талай қалаларды аралап шықтым. Мысалы, жаңа салынған Австралиядағы кішкентай қала. Ол шағын ғана қала екен. Екінші Бразилияның астанасы Бразилиа деген қала. Көрдім, ол да маған ұнаған жоқ. Анкараны білеміз. Солардың бәрін аралап, конкурс жарияладық.

20 жылдың ішінде Елорда аумағы 3 есе өсті. Алғашында 500-600 мың адам тұратын әкімшілік орталық болады деп жоспарланған қала қазір алып шаһарға айналды. Тұрғындар саны 1 млннан асып кетті. Сәйкесінше инфроқұрылым жыл сайын жетілдіріліп жатыр. Ірі мегаполистерге тін басты проблемалардың бірі экология жайына да ерекше назар аударылды. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бас қалаға газ тартылып жатыр.

Нұр-Сұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы:
Бүгінге дейін оңтүстіктен мың шақырымнан астам газ құбыры тартылды. Газ астанаға ғана емес, Қарағандыға, Жезқазғанға, Петропавлға, Көкшетауға дейін баратын болады. Қазір елордалықтарды газбен қамту үлесі 30 пайыз болса, келер жылы толық газбен қамтылады. Содан кейінгі негізгі мақсат – электр жүйесінде тұрған жылу және электр орталықтарын газға ауыстыру. Себебі кейінгі кездері қаланы түтін басып кететін болды. Мұны жою үшін қазандықтардың бәрін газ құбырына ауыстырамыз.

Қазір қалада, жалпы елімізде ғылымға ерекше мән беріліп отыр. Ал бізде оны дамытуға мүмкіндік жетеді, тек соны ретімен пайдалануымез керек – деген Елбасы отандық «QazVaс» вакцинасына қатысты пікір білдірді.

Нұр-Сұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы:
Қазір бізде медициналық-фармацевтикалық хаб құру мүмкіндігі бар. Тек қана өзімізде шығармай, көршілерді де сол дәрімен қамтамасыз етуіміз керек. Бүгінде жасанды интеллект бірінші орынға шығып отыр. Алматыда осы бағыттағы университет ашуды қолға алып жатырмын. Оның деңгейі Назарбаев Университеті сияқты болады.

Қазіргі күні әлем экономикасының 50 пайызы дүниежүзінің ең үлкен 300-дей қаласына тиесілі. Сарапшылар пікірі бойынша, ондай қалалардың қатары келешекте 600-ге жетеді. Себебі ғылым, мәдениет пен өнер, озық мамандар сол алып шахарларға шоғырланады. Бұл қатарға Еуропа мен Азияның ортасында орналасқан қазақтың елордасы да кіруі тиіс. Мақсат – осы.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу