Тұрғындар ауыл әкімдерінің сайлауынан үлкен үміт күтіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұрғындар ауыл әкімдерінің сайлауынан үлкен үміт күтіп отыр

04.07.2021

Президенттің айтуынша, ауыл әкімдеріне үлкен өкілеттілік бере отырып, оларды қажетті ресурстармен жеткілікті дәрежеде қамтамасыз ету керек. Осыған байланысты Үкімет қаржыны бюджетаралық бөлу мәселесін қайта қарауы тиіс. Демек ауыл әкімдігіне ақша там-тұмдап берілмейді деген үміт бар.

Ал ауыл адамдары не дейді? Алматы облысынан Қуаныш Қанатұлының репортажы.

Алақандай ғана Арасанның мәселесі орасан. Ауыз су жоқ. Көшенің бәрі қазылған. Жастары жұмыссыз. Атақты Қапал-Арасан санаторийі тоқтап тұр. Ауданға және Талдықорғанға қоғамдық көлік жүрмейді. Тізбектей берсең бұл елді мекен Тәуелсіздіктің 30 жылында бір орында қалып қойғандай.

Дидар Батқалбеков, Арасан ауылының тұрғыны:
Мына жерде бізде 2019 жылы клубымызды бұзып алып кетті. Не себеппен бұзды оны ешкім ешқандай түсіндіру жұмыстарын жүргізген жоқ. Ауыл жастарының баратын жері жоқ. Шыны керек сөздің. Біздің ауылдың халқы ашынып кеткен.

Ашынған халық өз әкімін өзі сайлағанын бір ауыздан қалап отыр. Тіпті дайын кандидаттары да бар. Ауылда туып, ауылда өскен, ауылдың мұң-мұқтажын білетін адам ғана осы ауылдың ауыр жүгін көтере алады, дейді арасандықтар. Соңғы он жылда бұл елді мекенде 4 әкім ауысқан.

Айнұр Жақанбайқызы, Арасан ауылының тұрғыны:
Сонда біз қайда барып күн көреміз. Бұл ауыл құрдымға кетті. Көшенің бәрі сұмдық қой. Әкімді, дұрыс әкімді біз сайлап беруін сұраймыз.

Биыл Алматы облысында 71 ауылда әкім сайланады. 60 әкімнің қызметтік мерзімі аяқталған. Ал қалған 11-і жаңа қызметке ауысып, өз еркімен жұмыстан кеткен немесе зейнеткке шыққандар. Өңірде жаңа әкім қажет ең көп округтер Еңбекшіқазақ, Алакөл, Ақсу аудандарында тіркелген. Облыстық сайлау комиссиясында алдағы сайлау науқанына қызу дайындықты бір ай бұрын басталып кетті.

Тимур Дәуітов, Алматы облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:
Барлығы сайлауда 17 аумақтық, 198 сайлау комиссиялары және 1451 сайлау комиссияларының мүшелері жұмыс істейді. Сайлаушылар саны 222 мыңнан астам адам құрайды.

1 шілдедегі мәлімет бойынша Жетісу өңірінде 157 адам әкім болуға ниет білдіріп, тіркелген. Олардың қатарында «Нұр Отан», «Ауыл», «Адал» партияларының мүшелері бар. Үміткерлердің басым бөлігі өзін-өзі ұсынғандар.

Серік Беркамалов, Нұр-Сұлтан қаласы заңгерлер одағының төрағасы:
Өте дұрыс бастама. Менің ойымша нағыз демократиялық процесстердің үлкен бастамасы. Бүгін біз ауыл әкімдерін сайлаймыз. Ертең 2024 жылы аудан әкімдерін, ары қарай одан да үлкен деңгейге келіп, бұл барлық өзін-өзі басқару жүйесін ең біріншіден нығайтады. Ал екіншіден бүкіл мемлекетіміздің демократиялық процестеріне көп әсер ететін нәрсе.

Ауыл әкімін сайлауда тәукелдер де жоқ емес. Мысалы, руға, жерге бөліну жойылған жоқ. Демек ру таласы болып шығу қаупі бар.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бірінші сайлауда қоғам қазақшылыққа салып, немесе ұлтшылдыққа салып, өзінің ұлтының өкілін, немесе өзінің руының өкілін сайлап кету деген тәуекел бар. Бірақ бұдан да өту керек. Бірақ енді сайлау заңының ішінде әкімнің кері шақыру жолдары да көрсетілген. Егер қолынан іс келмей жатса жергілікті халық жиналып, оны қызметінен тайдыра алады.

Іскер басшыны адаспай таңдап, кейін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып тіршілік қыла аламыз ба – бұл мәселенің бір жағы. Тағы бір жағында өзгеріс керек деп ғана қоймай, соған жұмыс істейтін үміткерлер шыға ма? Рас, алдағы сайлау біздің қоғам үшін үлкен сынақ болғалы тұр. Бірақ керек сынақ.

Ауыт Мұқибек, ҚР Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
Еркін сайлау өткелі жатыр ғой, Құдай бұйырса. Оған жергілікті халық өзі де қамданып отыр. Іштей есептері түгел деп айтуға болады. Сондықтан бұл сайлаудан мен нәтиже шығады деп есептеймін.

Біз көрсеткен Арасан ауылының мәселелері еліміздегі ауылдардың жалпы көрінісін бермесе де, орташа жағдайдың қандай екенінен хабар береді. Бейнелеп айтқанда, «тар жол тайғақ кешуге» сайланатын әкім де, ауыл тұрғындары да ниетті болуы керек. Ал ол жолдың бастауы – алдағы сайлауды Нұр-Сұлтан сияқты ірі қалалар таңғалатындай әділетті өткізсе, «ешкім бізді естімейді» деген күндер артта қалар еді. Себебі күш екеніне сенгендер тоқтамақ емес.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу