Алматы облысындағы Арасан ауылының мәселесі орасан болып тұр. Ең күрделісі - ауыз су тапшылығы. Былтыр елді мекенге Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында құбыр тартыла бастаған. Алайда жұмыс аяқсыз қалды. Өңірдегі тілшіміз Қуаныш Қанатұлы мәселенің анық қанығын біліп қайтты.
2010 жылы ауылға бірнеше жерден құдық қазылған. Содан бері әкімдік Арасанда ауыз су бар деп есеп беріп келеді дейді тұрғындар. Алайда халық суды сапасы күмәнді құдықтар мен ауыл шетіндегі ескі мұнарадан тасып ішеді. Ал былтыр басталған шаруаның не себепті аяқсыз қалғанын түсінер емес. Қазылып тасталған көшелердің жазда шаңы бұрқырап, көктем-күзде ми батпаққа айналады.
Күлзира Жүнісова, ауыл тұрғыны:Неше жылдан бері су, су деп келе жатырмыз. Былтыр бастады. Тым жақсы жатқан көшенің быт-шытын шығарып, бұзды. Барлығын қойды. Ешқандай нәтиже жоқ.
Айнар Смағұлов, ауыл тұрғыны:Біз сіздерді шақыртып едік бүгін қозғалыс. Ауданнан да кісілер келіпті. Подрядчиктер барлығы келіп тұр.
Ауданнан келген атқа мінерлер басты ұңғымадан шыққан судың радиациясы бар деп жұмысты тоқтатқанын айтады. Енді жаңа ұңғыма қазу керек. Былтыр бөлінген қаржы оған жетпейді.
Ілияс Мұсабаланов, Ақсу аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:Бастапқы қаржы 931 млн болып шығып тұр. Былтыр біз 246 млн-ға келісімге отырғанбыз. Оның 101 млн-ын төлеп бердік.
Жоба сараптамаға жіберілді. Жұмсалатын қаржы бұдан да көп болуы мүмкін дейді мамандар. Ал жаңа ұңғыма ауылдан бес шақырым жерден қазылмақ. Демек жұмыс ұзаққа созылатын сыңайлы.
Қуаныш Қанатұлы