Алматы метросында жолаушылар саны тәулігіне 93 мыңға жетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы метросында жолаушылар саны тәулігіне 93 мыңға жетеді

02.07.2021

Үкімет басшысы Асқар Мамин Үлкен Алматы айналма жолының құрылысын 2022-жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды. Күрделі жоба жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, көліктердің табиғатқа зиянын азайтатын болады. Мұнда автожолмен қатар көпірлер, жол айрықтары мен эстакадалар салу көзделген. Болашақта осы айналма жол арқылы тәулігіне шамамен 38 мың көлік Алматы қаласын айналып өтетін болады. Бұл ретте Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалдау көлемі өседі деп күтілуде.

Аббас Шахин, «Алсим аларко» компаниясының вице-президенті:
Құрылыс 8 ай бұрын басталған болатын. Жалпы жұмысқа 50 ай берілген. Дегенмен, Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, жобаны 2 жыл ерте аяқтайтын боламыз. Қазір құрылыс алаңында 1600 адам жұмыс істеп жатыр.

Үкімет басшысы Алматыға жұмыс сапары аясында қалалық метрополитеннің жұмысын көрді. Қазір мұнда қосымша «Сарыарқа», «Достық» және «Қалқаман» станциялары салынып жатыр. Жоба аяқталғанда жолаушылар саны тәулігіне 46 мыңнан 93 мың адамға дейін артады. Асқар Мамин алғашқы екі станцияның құрылысын сапалы аяқтауды тапсырды.

Премьер «Алтын Орда» базары маңындағы «Алматы-Бішкек» автокөлік жолының қайта жөндеу жұмыстарымен де танысты. Мұнда жолақтар саны 10-ға дейін кеңейтіліп, бұрылу эстакадасы, көпір, сондай-ақ жаяу жүргіншілер өткелдері салынады. Үкімет басшысы жобаны биыл қазан айында аяқтауды тапсырды.

Үкімет басшысы Алматы агломерациясын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Өңіраралық жоспарға сәйкес, 2030-жылға дейін 108 іс-шара жүзеге асырылуы тиіс. Осы уақытқа дейін шаһар агломерациясының халқы 4,7 млн адамнан асады. Премьер «Аюсай» сел ұстайтын бөгетінің құрылыс алаңына да барды.

Сонымен қатар Асқар Мамин Еуразиялық даму банкі Кеңесінің отырысына қатысты. Жиында қаржы институтының 2022-2026 жылдарға арналған Стратегиясы бекітілді. 5 жылда банк инвестицияларының көлемі 11 млрд долларға жуықтайды. Қаржы «Еуропа-Батыс Қытай» көлік-цифрлық дәлізі, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бірыңғай тауар өткізу желісі мен Орталық Азияның су-энергетика кешені сияқты ірі жобаларды іске асыруға жұмсалатын болады.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу