Сенат төрағасы кездесуде Парламент қабылдаған заңдар туралы айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенат төрағасы кездесуде Парламент қабылдаған заңдар туралы айтты

02.07.2021

Дағдарысқа қарсы заңдар жедел әрі уақтылы қабылданып отырды. Олардың қатарында бюджетке, Салық кодексіне түзетулер енгізу, бизнес пен инвесторларды және медицина қызметкерлеріне қолдау көрсету туралы заңдар бар. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанда жұмыс істейтін дипломатиялық корпус және халықаралық ұйым өкілдерімен кездесуде осылай деді. Сенат төрағасының сөзінше, Жоғарғы Палатаның биылғы сессиядағы заң шығару қызметі екі негізгі міндетке бағытталған. Олардың бірі пандемиямен күрес және індеттің әлеуметтік-экономикалық салдарын еңсеру болса, екіншісі – Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған кешенді реформаларды іске асыруды құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету. Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы «Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі әрі қарайғы шаралар туралы» Жарлыққа қол қойғанына ерекше тоқталып өтті.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:   
Біз алдағы уақытта аса маңызды заңдар қабылдаймыз. Атап айтқанда, мүгедек адамдардың құқықтарын қорғауға, әйелдерге қатысты кемсітушіліктің кез келген нысанын болдырмауға, қылмыстық сот төрелігі, азаптаулар мен зомбылықтың алдын алу бойынша азаматтардың құқықтарын қорғауға басымдық беріледі. Сондай-ақ, сот-құқық қорғау жүйесін жаңғырту және сыбайлас жемқорлықты жою мәселелері де назардан тыс қалмайды.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу