Қарағанды облысында тұрғындар ескі алтын зауытының қоймаларын жабуды талап етіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында тұрғындар ескі алтын зауытының қоймаларын жабуды талап етіп жатыр

01.07.2021

Қарағанды облысы Балқаш көлінің жағалауында орналасқан ескі алтын зауытының қоймаларына алматылық компания қорғасын ұнтағын тасып жатыр. Осылай деген тұрғындар қоймаларды жабуды талап етуде. Өндіріс қалдығы қоршаған ортаға зиян келтіріп, халықтың денсаулығына зардабын тигізуі мүмкін, - дейді көпшілік. Қазір мұнда жұмыс уақытша тоқтатылған.

Руслан Нұрланұлы, тілші:
Мен қазір көл жағалауынан 500 метр жерде, су қорғау аймағында тұрмын. Мінекей арнайы белгілер де қойылған. Өндірістік қалдық сақталатын қойма дәл осы белгіден әрі, яғни су қорғау аймағында орналасқан.

Мына бейнекадрларды жергілікті тұрғындар түсірген. Айтуларынша, қазірдің өзінде бір қойма қорғасын ұнтағына толып тұр. Екіншісіне де үздіксіз жеткізіліп жатқан көрінеді. Тұрғындар өндіріс қалдығынан іргедегі көлге зиян келе ме деп қауетерленеді.

Әу баста бұл жерде қорғасын өндіретін зауыт салынады деген сыбыс шыққанымен, құрылтайшылар бұл ақпаратты жоққа шығарды. Телефонмен тілдескенімізде, олар зауыттың басқа жерде ашылатынын айтты. Ал ұнтақтан қорғасынды сүзіп алынған соң, қалған қалдық Семейге жөнелтілмек. Бірақ тұрғындар бұған сенбей наразылық білдірген соң, экологтар кезектен тыс тексеріс жүргізді.

Дархан Есжанов, Экология департаменті басшысының орынбасары:
Өндірістік өнімнің қоймада тұрғанына 6 айдан аспаған, әрі сапа сертификаты бар екен. Қорғасын ұнтағы арнайы қаптарға салынған. Біздің мамандар қойманы, оның аумағын мұқият тексерді, түрлі сынамалар алынды. Нәтижесінде ешқандай экологиялық талаптардың бұзылмағаны анықталды. Яғни, өндірістік өнімнен қоршаған ортаға зиян келмейді.

Жергілікті әкімдіктің айтуынша, құрылтайшылардың құжаты түгел. Яғни, заң шеңберінде жұмыс істеп отыр. Бірақ соған қарамастан тексеріс қорытындысының заңдылығын анықтау үшін қоймалар уақытша жабылды. Әкімдік мамандары қадағалаушы органға хат жолдаған.

Абылай Базылұлы, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары:
Экология департаменті мен Балқаш Алакөл су қорғау инспекциясының тексерген актілерінің қаншалықты дұрыс, дұрыс емес екендігі жөнінде облыстық прокуратураға сұраныс жіберген болатынбыз. Жауап келген жоқ. Осы аптада келу керек. Содан кейін тиісті шараларды қабылдайтын боламыз. Әрі қарай жұмыс істейтіні, істемейтіні жөнінде.

Демек, егер прокуратура тексеріс нәтижесін заңды деп тапса, жұмыс жалғасады.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу