Павлодар облысында өндірістік кәсіпорын жұмысшылары тұтастай екпе салдырды. Кен байыту фабрикасындағы 870 адамның бәрі вакцинаның екі компонентін де қабылдаған. Енді олардың отбасы мүшелері де екпе алуда. Жалпы соңғы екі аптада өңірде вакцина салдырған тұрғындардың саны 4 есе өскен.
Екі аптадан бері Майқайыңдағы кен байыту фабрикасы жұмысшыларына өндіріс орнында маскасыз жүруге рұқсат етілді. Бұл әсіресе шахта ішіндегі адамдарға жақсы болды. 300 метр тереңдікте жүріп еркін тыныс алудың өзі бір ғанибет -дейді техникалық қауіпсіздік инженері Жанасыл Қали.
Жанасыл Қали, автокөлік цехының техникалық қауіпсіздік инженері:Екпе алғанға дейін біз қорқып, бір-бірімізге жақындай алмай жүрдік. Екпені алғаннан кейін еш қорқыныш жоқ. Бәріміз қарым-қатынасымызды жақсылаттық қайтадан.Маска тақпаймыз. Біз қазір коронавирустан қорықпаймыз.
Әсел Абдина, кәсіпорын жұмыскері:Осы вакцинаны алғанда көңіл-күйіміз жақсы болды.
Былтыр кәсіпорында ауырған адамдар саны көп болды. Тіпті, тұтас бригадалар жұмыстан оқшауландырылды. Ал, қазір өндіріс тұрақты. Бұл ұжымдық иммунитет қалыптасқанының нәтижесі-дейді мамандар.
Қуаныш Ботин, өндірістің бас директоры:Өндірістің тоқтауына жол бермеуіміз керек. Бұның бір-ақ жолы бар. Ол жаппай вакцина алу. Бүгінгі күні 890 адамның 870і вакцина алған. 20 адам, ол денсаулығына байланысты қабылдай алмайтындар.
10 мыңнан аса тұрғыны бар Майқайың кентінде індет жұқтыру дерегі күрт азайған. Себебі, тұрғындар жаппай екпе салдырып жатыр.
Серікжан Арынұлы, Баянауыл аудандық ауруханасының бас дәрігері:Қызметкерлер арасында коронавирус инфекциясы расталғандар жоқ. Бүгінгі күні Майқайың кенті бойынша эпидемиологиялық жағдай жақсы.
Аймақ бойынша да вакцина алуға ниетті тұрғындардың саны соңғы екі аптада 4 есеге артты. Күніне 4 мың адамға дейін екпе салдыруда.
Болат Аманбаев