Елорда жастары әлемдік аренада ел намысын қорғап жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорда жастары әлемдік аренада ел намысын қорғап жүр

01.07.2021

23 жыл бұрын Қазақстанның бас қаласы Астана болып бекітілді. Ертеңіне қол созған Елорда, жастардың қаласы, болашақтың бастауы, келер күннің келісті боларының берік кепіліне айналды. Бас шаһармен қатар өсіп келе жатқан мұндағы жастардың жетістігі мен табысы да толайым. Солардың бірнешеуімен тілшіміз тілдесіп еді. Сюжетке зер салайық.

Бес жыл бұрын елордаға арман қуып келген Айбектің өмірі өрт өтінде. Өйткені жас та болса, демде лаулап дес бермейтін жалынның арасынан талай жанды арашалаған. Адал қызметін басшылығы бағалап «Үздік өрт сөндіруші» төс белгісін тарту етіп, қызметін де өсіріпті.

Айбек Бақытжанұлы, №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы: 
 Өзімнің істеп жатқан қазіргі жұмысыммен мақтанамын. Енді осы қалада отбасын құрып, үлкен армандарымды бағындырғым келеді.

Ал, Айтуар болса таеквон-до спортынан еліміздің намысын қорғап жүр. Ол Азия ойындарының қола жүлдесі мен мемлекетаралық рейтингтік олимпиадалардың бас жүлдесін ел қоржынына салды.

Айтуар Шайкенов, Taekwondo спортынан Қазақстан Республикасының ұлттық құрама мүшесі: 
Шет мемлекетте өтетін жарыстарға мүмкіндік берді Нұр-Сұлтан қаласы. Эстония мемлекетінде және 2024 жылы болатын олимпиада ойындарына қазір қызу дайындық жасап жатырмыз. Осы жарыстарда ҚР намысын қорғауға дайынбыз.

«Музыкалық жас көрермен театрының» актері Дінислам Нұр-Сұлтан қаласына бар-жоғы 6 ай бұрын көшіп келді. «Дүние-ғапыл» қойылымында негізгі рөлдің бірін сомдап, көрермен көңілінен шықты. Осылайша Ұлы Абайдың 175 жылдығы қарсаңында Жас Абайды сомдау мәртебесіне ие болды. Гастрольдік сапармен Абай елін аралап, театр сыншыларының оң бағасын алды.

Дінислам Нұрмағамбетов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «музыкалық жас көрермен театрының» актері:
Театр саласынан бөлек, кинодан да ұсыныстар келіп жатыр. Қазіргі таңда 2 телесериалға түстім. Сондықтан бас қаламен байланыстыратын жоспарым көп.

Шаһар бой көтергелі талай тума таланттар мен дүлдүл дарындарды топтастырды. Ал, бүгінгі кейіпкеріміздің үшеуіде бас қаланың құрдасы. Мұндай жалынды жастар бас қосқан қаланың ертеңі де жарқын болмақ.

Ақниет Балтанова


Хабарламаларға жазылу