Еліміздің бірқатар өңірлерінде аптап ыстық болуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің бірқатар өңірлерінде аптап ыстық болуда

30.06.2021

Бүгін еліміздің бірқатар өңірінде аптап ыстық. 2 шілдеге дейін Түркістан, Қызылорда облыстарында ауа температурасы 40 градустан 44-ке дейін көтеріледі деп болжанды. Төтенше жағдай министрлігі тұрығындарды абай болуға шақырып, ескерту жариялады. Аймақтардағы ахуалды Жандос Темірғали баяндайды.

Шымкентте бірнеше күннен бері аптап ыстық. Ауа температурасы 44-45 градустан асып жығылады. Күн күйіп тұрғанда жұртқа сая болатын субұрақтардың үштен бірі әлі күнге жұмыс істемей тұр. Оларды күтіп ұстауға 170 миллион теңге бөлінгенімен коммуналдық қызмет көрсету мекемесінің берекетсіз әрекетінен Арбат, әуежай мен саябақтағы 10-нан астам су қайнарлары босқа тұр. Қашан қосылатыны да белгісіз.

Дархан Тұрғынбайұлы, Шымкент қаласы әкімдігі жайлы ортаны дамыту басқармасының бөлім басшысы: 
Оларға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда насостарын сатып алу, басқа да бұзылған ақауларын жөндетіп, істеп жатыр.

Сыр өңірінде де ауа температурасы 45 градустан төмендемей тұр. "Шымкент-Қызылорда" автожолында ауыр жүк көлігінің тежегіші қызып кетіп, отқа оранды. Оқыс оқиға Жаңақорған ауданының аумағында болды. Жапа шеккендер жоқ. 120 тонна тігін жіп тиеген көлік Тәжікстаннан Мәскеуге бара жатқан.

Солтүстік Қазақстан обылысының кейбір аудандарында айлап жаңбыр жоқ. Қуаңшылықтың кесірінен жайлым қурап, тақырға айналған. Шілденің ортасында шөпке орақ салатын шаруалар қысқы мал азығы тапшы болады деп алаңдаулы.

Ал, Атырауда соңғы бір аптада ауа температурасы 47-48 градусқа дейін көтерілді. Тіпті кей жерлерде сынап бағанасы 50 градусты көрсеткен. Мамандар алдағы 3 күнде аптап ыстық сақталады деген болжам жасап отыр.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу