АҚШ әскері Ауғанстаннан бірнеше күнде толық шығарылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ әскері Ауғанстаннан бірнеше күнде толық шығарылады

30.06.2021

АҚШ Ауғанстандағы әскерін шығаруды бірнеше күнде толық аяқтауға жақын. «Ассоушиэйтид пресс» агенттігінің мәліметінше, бұл жұмыс шілденің 4-не дейін тәмамдалуы мүмкін.

Осыған дейін президент Джо Байден контингентті қыркүйектің 11-не дейін әкетуді жоспарлаған еді. Бірақ, сол жауынгерлердің 50 пайыздан астамы осы айдың басында-ақ еліне оралған. Дегенмен, Пентангон Америка елшілігін қорғауға 650 сарбазын қалдырмақ.

Ауғанстаннан Құрама Штаттар әскерімен бірге НАТО күштері де кетіп жатыр.

АҚШ Қорғаныс министрлігінің дерегінше, тәліптер 416 аудан орталығының 81-ін басып алған. Америкалық генерал Остин Миллердің ойынша, үкімет армиясының территорияларды жоғалтуы және сол жерді қайтару үшін моджахедтер отрядтарының құрылуы Ауғанстанды ұзақмерзімдік азаматтық соғысқа ұрындырайын деп отыр.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу