Аралдағы қырылған малға өтемақы төленбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аралдағы қырылған малға өтемақы төленбейді

29.06.2021

Қызылорда облысы Арал ауданында төтенше жағдай жарияланғанның өзінде өлген төрт-түлікке мемлекеттен өтемақы төленбейді. Өйткені қуаңшылықтан қырылған малдың өлекселерінен ешқандай қауіпті аурудың белгілері анықталмаған. Зертханалық тексеруге алынған сынамалардың барлығы теріс нәтиже көрсеткен. Өңірдегі ахуалды тілшіміз Әділбек Серікұлы толығырақ баяндайды.
Сыр өңірінде маусым айынан бері аптап ыстық тұр. Арал аумағы қазір сахараның даласындай, қу тақырға айналған. Жауын-шашынның болмауынан жайылымда көк жоқ. Шаруалар сатып алған азын-аулақ жем-шөбін малына талғажау етіп, қорасында ұстауға мәжбүр.
Рахымжан Көптілеуов, ауыл тұрғыны: 
Ауылда шөп жоқ. Жер қуаңшылық, топырақ жеп жатыр жылқылар. 20 шақты пресс сатып алдық. Соны үйге әкеліп бағып отырмыз жылқымызды. Енді не істейміз, өлтіреміз бе далада. Өлтіргенімен Үкімет ақша бере ма бізге?!
Мал азығын алуға шамасы жетпегендер амалсыздан төрт-түлігін арзанға пұлдап жатыр. Бүгінде қуаңшылықтың салдарынан 800-ден аса ірі қара сыртқа сатылып кеткен. Жалпы аудан көлемінде 600-ге жуық мал аштан қырылды. Ал мамандар мал белгілі бір қауіпті кеселден өлсе ғана өтемақы төленетін айтып отыр.
Шахмардан Қойшыбаев, облыстық ветеринария басқармасының басшысы:
Барлық сынамалар бойынша теріс нәтиже көрсетті. Яғни, ешқандай ауру малдың арасында тіркелген жоқ. Мал су ішетін және көлдерден сынамалар алынған болатын әрине судың тұздылығы артқаны белгілі. Дегенмен, гострофилез ауруына теріс нәтиже көрсетіп отыр.
Аралда төтенше жағдай жариялау мәселесі де тым ұзаққа созылып кетті. Әкімдіктегілер шілденің алғашқы 10 күндігінде мәселе шешімін табады деп отыр. Ал қолындағы тұяғын аман алып қалудың қамымен әбден әлекке түскен аралдық шаруалар мемлекеттен әлі де көмек күтуде.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу