Белгілі журналист, жазушы-публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай құрметті зейнет демалысына шықты. Тапқырлығымен танылып, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған талантты тұлғаға Ұлттық арна ұжымы ерекше сый-құрмет көрсетіп, қазақ телевизиясының дамуына сіңірген еңбегіне алғыс білдірді.
Әріптестерінің қошеметіне бөленген Қайнар Олжай бүгін 63 жаста. Ғұмырының 40 жылдан астамын журналистикаға арнаған азаматқа құрмет те айырықша.
Мейрамбек Төлепберген, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:Қайнар Олжай шын мәнінде қазақ баспасөзінің тарланбозы. Ең бастысы, Қайнардың тапқырлығы. Сол тапқырлығы арқылы қаншама мың өзін іздеп жүретін оқырманы бар, сонымен телевизияда істеп жүрген көрермендері бар. Қазақстанда қанша журналистер бар қазір. Мыңдаған болса соның ішінен Қайнар Олжайдың стилін бірден тануға болады.
Қайнар Қалиақпарұлы еңбек жолын газеттен бастап, кейін телевизияның биігіне шыққан тұлға. ГЕО: БЕЙНЕҚОР Ол еліміз тәуелсіздік алған тұста шет елдерден алғаш репортаж жасаған журналистердің бірі.
Қайнар Олжай көрермен ықыласына бөленген көп хабарлардың авторы. «Мың бір мақал», «Деген екен», «Солай болған», «Тіл», «Сөзмерген», «Ілік септігі» сынды бағдарламалар бүгінге дейін ел есінде.
Еркін Таңатқанұлы, «Қазақстан» РТРК» АҚ «Qazaqstan» ҰТА директоры:Қайнар ағаның бірінші ерекшелігі таза еңбекқорлығы. Екінші ерекшелігі жазуындағы қисын. Әр мақаласын, әр жазғанын оқысаң басы бар, ортасы бар, аяғы бар. Және бұл үштікті бұза алмайсың. Жымдасып тұрады.
Осындай қайталанбас қасиеттері мен қабілеттері шәкірттеріне де үлгі.
Айнұр Омар, журналист:Бұл кісінің ең үлкен шеберлігі. Тақырып қою шеберлігі. Біз өзіміз журналист болсақ та тақырып қоюдан көп қиналып жатамыз. Сол кезде бірден Қайнар ағаға жазам, тақырып таба алмай жатырмын деп. Мысалы былтыр коронавирус туралы бір сөз ғана жазып жіберіпті. Өлшемдер өзгергенде деп, Керемет қой ия, сондай, энциклопедия ол кісі.
Жазуға асқан жауапкершілікпен қарайтын азамат «Қазақстан» теле радиокорпорациясында талай жыл түрлі басшылық қызметтерді атқарды. Еңбегі еленіп, ТМД Журналистер Конфедерациясы сыйлығының лауреаты, ел Президенті грантының иегері атанды. Зейінді азамат зейнет жасына жетсе де алға қойған жоспары мен мақсаты көп. Сондықтан, телевизияның қайнап жатқан қазанына Қайнар Олжайдың салар олжасы әлі де азаймасы анық.
Амангелді Сейітхан