Шашубай кентінде тұрғындар жөндеуге кеткен қаржыны қайтарып беруді талап етуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шашубай кентінде тұрғындар жөндеуге кеткен қаржыны қайтарып беруді талап етуде

28.06.2021

Қарағанды облысының Шашубай кентінде тұратын көпбалалы аналардың үй сапасына көңілі толмайды. Құрылыс жұмыстары шала істелген, - дейді олар. Осыдан үш ай бұрын жаңа баспаналарға қоныстанған отбасылар әлі күнге дейін үйлерін жөндеумен әуре.

Бес баланың анасы Гүлзада Сұлтанәлиева жыл бойы пәтер жалдап келген. Биыл кезегі жетіп, үш бөлмелі жаңа баспанаға ие болған. Алайда үйді көріп, қуанышымыз су сепкендей басылды, - дейді. Айтуынша, едені салынбаған, қабырғалары сыз тартып, көгеріп кеткен.

Гүлзада Сұлтанәлиева, Шашубай кентінің тұрғыны:
Бәрін өтірік жасап кеткен. Балалар полда жатпайды ғой. Содан біз айта беріп едік, 3 комнатаға жететін УСБ әкеліп берді мердігерлер. Ол үш комнатаға ғана жетті, қалғанын тағы сатып алдық. Одан кейін қосымша қара қағаз бар, қайтадан стяжкасы бар, цемент сатып алдық.

Көктемде жаңа үйге кірген көпбалалы отбасылар сол үш айдан бері кем-кетігін жөндеумен әлек. Олардың ендігі талабы – жұмсаған ақшаларын қайтарып алу.

 Марал Ахметова, Шашубай кентінің тұрғыны:
Бұл үйге кеткен шығынды, қалтамыздан шыққан ақшаның бәрін есептеп, 6 үй жазып қойдық. Соны әкімге апарып тастайық дегенбіз, әкім орнында болмай шықты.

Жергілікті әкімдік өкілдері құрылыс барысында кемшіліктің кеткенін мойындап отыр. Үйдің үш жылдық кепілдік мерзімі бар. Соған сай мердігер жөндеп береді. Тұрғындардың шығындары да компания есебінен өндіріледі, дейді аудан басшылығы.

Абылай Базылұлы, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары:
УСБ болған жоқ деп айтып жатыр. Олардың бәрін біз орнына келтіріп береміз. Кейбір тұрғындар өз тарапынан келтірді, кеткен шығындарын сатушының тарапынан біз орнына келтіріп беретін боламыз. Кейбір үйлерде от жағатын бөлмелерінен, пештерінен кемшіліктер орын алған. Олар сатушыға ескертілді. 1 шілдеге дейін ол кемшіліктердің орнын толтыратын болады.

Бұл жалдамалы 6 үй «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған. Оның әрқайсысына қазынадан 7, 5 миллион мың теңге жұмсалған.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу