Қазақтың киіз үйі Швециядағы көрмеге қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақтың киіз үйі Швециядағы көрмеге қойылды

28.06.2021

Қазақтың киіз үйі Швециядағы көрмеге қойылды. Көшпенділер баспанасын швед азаматы осыдан бірнеше жыл бұрын өзі құрастырған. Қазақтың бай мұрасын көпшілікке таныстыру үшін Сконе провинциясында өткен Викингтер базарына арнайы әкеліпті. Осы мемлекеттегі елшілік қызметкерлері мен Қазақстан жастары қауымдастығы киіз үйге ұлттық бұйымдар мен киімдерді сыйға тартты. Шведтер қазақ мәдениетіне, тұрмыс-тіршілігіне қызығушылық білдіріп, киіз үйдің жабдықтарын тамашалады. Көрмеге қонақ ретінде шақырылған Швецияның атақты актеры болашақта осындай киіз үй сатып алуға ниетті. 

Йоаким Неттерквист, швед актёры:
Викингтер көрмесіне келіп, түрлі мәдениеттердің тоғысқанын көру мен үшін үлкен мәртебе. Әсіресе, Қазақстан жайлы кең мағлұмат алып, қазақтың киіз үйінде отырғаныма қуаныштымын. Жазда салқын,қыста ыстық, осындай жайлы баспанада тұрғым келеді.

Оддвар Леннёркранц, киіз үйді құрастырушы:
Викингтер мен көшпенділердің мәдениеті бір-бірімен біте қайнасып жатыр. Жақын жерде орналасқан қорымда Аттила дәуіріндегі жылқылардың сүйектері табылған. Қазақстанда табылған қазбаларға қатты ұқсайды. Көшпенділер,қазақ мәдениетіне тәнтімін.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу