Қостанай облысында 120 мыңға жуық адам вакцина салдырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында 120 мыңға жуық адам вакцина салдырды

25.06.2021

Елімізде вакциналау науқаны қыза түсті. Атырауда бір күнде 1600 адам екпе салдырған. Ал Ақтөбеде тұрғындарды ынталандырып вакцина алғандар арасында автокөлік ұтысқа қойылған. Рет-ретімен Әділбек Серікұлы жеткізеді.

Атырауда соңғы 1 аптада вакцинаға сұраныс артты. Өткен тәуліктің өзінде 1600-ден астам тұрғын екпе салдырды. Қазір өңірде 41 егу пункті жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері 77 мыңға жуық адам коронавирусқа қарсы вакцина алды.Қаладағы кейбір сауда орталықтары екпе салдырған тұрғындар арасынде шетелге туристік жолдама ойнатып жатыр.

Ал, ақтөбеліктер үшін автокөлік, ұялы телефон, велосипед ұтысқа қойылған. Акция тамыз айына дейін жалғасады. Өңірде бүгінге дейін 1 компонент 115 мыңнан астам тұрғынға, ал 2 компонент 70 мыңнан астам адамға егілген. Жалпы тұрғындардың белсенділігі артып келеді.

Ал Қостанай облысында бүгінгі күнге дейін 120 мыңға жуық адам екпе қабылдаған. Қазір өңірде вакцина қоры жеткілікті. Екі компонеттің әр қайсысынан 100 мыңның үстінде доза бар. Әсіресе, халыққа қызмет көрсететін сауда орталықтары мен қонақ үй, дәмхана ұжымдары жаппай вакциналаудан өтіп жатыр.

Гульвира Құдайқұлова, қонақ үй кешенінің директоры:
Біздің ресторанда 15 қызметкер бар. Барлығы вакцина қабылдап, 100 пайыз екпе алып қойдық. Өйткені, ол өзіміздің денсаулығымыз үшін қажет. Себебі, бізге түрлі қонақтар келіп-кетеді. Сондықтан, індеттің таралуына жол бермеу үшін біз қолымыздан келгеннің барлығын жасап жатырмыз.

Сыр өңірінде ауылдық елді мекендерде ерікті түрде екпе алушылардың қатары артқан. Мәселен, Арал, Қазалы аудандарына жеткізілген вакцинаның 85 пайызы игеріліп, 30 мыңға жуық адамға екпе егілді. Сондай-ақ, шалғайдағы ауылдарға да медициналық бригадалар қатынап, тұрғындарға вакцина салып жатыр. Тіпті, түрлі салада қызмет істейтін мамандардан бөлек, зейнеткерлер де екпе науқанынан қалыс қалып жатқан жоқ.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу