Ресейде вирус қайта өршісе де, вакциналау науқаны қарқын алмай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде вирус қайта өршісе де, вакциналау науқаны қарқын алмай тұр

25.06.2021

Батыс мемлекеттері өз халықтарын жаппай вакциналап, карантинді алып тастап жатқанда, Ресейде коронавирус қайта өршіп тұр. Маусымның басында бұл Федерация аумағында күніне 9 мыңдай адамнан ковид табылса, бейсенбі күні 20 мыңнан астам науқас анықталды. Ал, Мәскеу мен Санкт-Петербургте бірер күн бұрын коронавирус құрбандарының саны рекорд жаңартты.

Соған қарамастан, Ресейдің 146 миллион тұрғынының небары 17 миллионға таяуы немесе 11 пайызы ғана толық вакциналанған. Демек, жергілікті биліктің маусымның ортасына дейін 30 миллион адамға екпе салынады деген жоспары жүзеге аспады. Бұл жұмысты жеделдету үшін елдің 14 аймағында вакцина алу міндетке айналды.

Кейбір сарапшылардың ойынша, халықтың баяу иммундалуына отандық вакциналардың асығыс мақұлдануы, мемлекеттік телеарналардың шетелдік екпелерді қауіпті деп насихаттауы, жарнаманың осалдығы тәрізді факторлар себепші екен.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу