Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
Осыған орай Президенттің БАҚ саласындағы сыйлықтары мен грант иегерлері марапатталды. Салтанатты шарада Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев арнайы құттықтауды оқыды.
«Мемлекет пен қоғамның ортасында алтын көпір болып жүрген журналистердің еңбегін жоғары бағалаймын және ұлттық мүдденің биігінен көріне береді деп сенемін», - делінген Президент құттықтауында.
«Қазақ» және «Шалқар» радиолары Алматы студиясының жетекшісі Бақыт Құтпанбаев, «Хабар 24» телеарнасының жүргізушісі Вера Захарчук, «Қазақстан темір жолы» компаниясының бас менеджері Жанна Ойшыбаева Президент сыйлығына ие болды. «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы «Ашық алаң» қоғамдық-саяси ток-шоуының жүргізушісі Мақсат Толықбайға Президент гранты табысталды. Сонымен қатар, арнаның Қарағанды облысындағы «Saryarqa» филиалы мен «Қазақ радиолары» серіктестігінің шығармашылық ұжымдары алғысқа ие болды.
Жәнібек Садықанов, «Saryarqa» телеарнасының бас редакторы:
Аймақтық телеарнаны бағалағаны бізге үлкен мәртебе және жауапкершілік. Шабыт береді. Осындай баға бергеннен кейін үш есе жұмыс істейміз деп үміттенемін. Бұл жеңіс тек қана «Сарыарқаның» жеңісі емес, Қарағандының, арқаның жеңісі деп ойлаймы.
Биыл Президент алғысына «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналы мен «Вечерний Алматы» газетінің шығармашылық ұжымдары да ие болды. Сонымен қатар, «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Ақтөбе» газеті сынды бірқатар баспа құралдарының өкілдері Алғыс хаттармен марапатталды.
Дарын Сағитов