Солтүстік Қазақстанда екі бірдей спорт кешенінің құрылысы тоқтап тұр. Айыртау және Есіл аудандарында іргесі қаланған қос нысанды салуға бюджеттен 700 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Қазір жауапсыз мердігерлердің ісі сотта қаралып жатыр.
Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің қазығы 2 жыл бұрын қағылған. Құрылысшылар созбаққа салып жүріп 12 айда ғимараттың қабырғасын әрең қалаған. Кейін жұмыс мүлде тоқтаған.
Эльмира Кәленова, тілші:2 мың шаршы метр. Кешенде волейбол, футбол, теннис сынды тағы басқа спорт түрлерінен бірнеше жаттығу залы болуы тиіс еді. Құрылыстың тоқтап тұрғанына осымен 8-ай. Нысанның тіпті іргетасы да толық қаланбаған.
Қараусыз қалған нысан бұзыла бастаған. Қазір арам шөп басқан алаңда құрылыс материалдары шашылып жатыр. Күзетшіге қаңтар айынан бері жалақы төленбеген. Мердігер жергілікті «Севинсталькон» компаниясы. Міндетін орындауға асығар емес.
Ербол Әбділманов, Айыртау аудандық құрылыс бөлімінің жетекшісі:Сот процесі жүріп жатыр. Жауапсыз мердігерге қатысты шешімді құзырлы орган қабылдайды. Компания лицензиясынан айрылды. Басшысы мүлде байланысқа шықпайды.
Есіл ауданындағы спорт кешенінің де сиқы осы. Аяқсыз қалған құрылыс ауыл көркін бұзып тұр.
Гүлсара Әбілқасова, Есіл аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы:Құрылыс 2020 жылдың сәуір айында басталған. Пандемия кесірінен құрылыс жүрмеді. Уақыты продлеваться етті. Енді келесі уақыт шілденің жетісі. 2021-ші жыл. Бірақ мінеки жағдай осындай. Мердігердің тарапынан жұмыстар жүрмей жатыр. Сотқа берілді.
Нысан өткен жылдың қазан айында пайдалануға берілуі тиіс болатын. Құрылысқа жауапты «Петростройлюкс» компаниясының өкілі де сұхбат беруден бас тартты. Құрылысы тоқтап қалған екі ауданда да спорт кешені жоқ. Жаңа нысанның ашылар күнін әсіресе балалар күтіп жүр.
Эльмира Кәленова