Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде кеңес өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде кеңес өткізді

23.06.2021

Мемлекет басшысы облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерімен ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиынға Президент Әкімшілігі мен Үкіметтің басшылық құрамы да қатысты. Сондай-ақ, Президент қазір өзекті болып тұрған бірнеше мәселені көтеріп, тапсырмалар берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы бастаманы былтырғы Жолдауында көтерген. Бір жылға жетер-жетпес уақыт ішінде бұл жұмыс жүзеге асырыла бастады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Осы оқиғаны еліміздің тарихындағы айтулы белес деп айтуға болады. Негізі, бұл біз үшін стратегиялық мәні айрықша міндет. Азаматтарымыз тұңғыш рет жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болмақ. Біз бұған біртіндеп, жоспарлы түрде келдік.

Мемлекет басшысы партиялық бәсекені күшейту мәселесіне назар аударды. Партиядан үміткер ұсыну мемлекеттің институционалдық тұтастығын бекемдей түседі және саяси үдерістің барынша ашық болуына септігін тигізеді. Саяси науқан кезінде әкімдердің 90 пайызы сайланады. Арнайы жүргізілген сауалнама кезінде халық бұл бастаманы қолдайтыны анықталған. Қазір қазақстандықтардың 40 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Сондықтан бұл бірінші кезекте ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалып жатқан шара, - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Жергілікті атқарушы биліктің жауапкершілігі жоғары болуға тиіс. Мемлекет жаңашыл бастама көтеріп, қандай да бір ауқымды жобаны қолға алады. Бірақ түпкі нәтиже жұмыстың жергілікті жерлерде орындалу сапасына байланысты болады. ауыл әкімдерін сайлау халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын іске асыру жолындағы маңызды қадам.

Президент өңір басшыларына да бірқатар міндет жүктеді. Елімізде санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың әлі де күрделі екеніне назар аударды.  Оның айтуынша босаңсуға әлі ерте, коронавирустың жаңа штамдарының анықталуы жағдайды күрделендіре түсуі ықтимал.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Әкімдер азаматтарға екпе салу науқанынан шеттеп қалған сияқты. Әлеуметтік нысандардың, бизнес кәсіпорындардың және жалпы елдің экономикасы вакциналаудың сәтті жүргізілуіне тікелей байланысты екенін түсіну керек. Қазір жаппай вакциналау науқаны әкімдер жұмысының ең маңызды міндеттерінің қатарында болуы қажет. Сіздер барынша белсенділік танытып, азаматтарды вакциналау науқанына өздеріңіз жетекшілік етулеріңіз керек.

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларын күшейтуге шақырды. Былтыр түрлі деңгейдегі 7 әкім, 14 облыстық басқарма басшысы мен орынбасарлары қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге өз аймақтарында жемқорлықты болдырмау үшін жүйелі жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Бұған дейін айтқанымдай, егер мемлекеттік қызметші бюджет қаржысын жымқыруды немесе пара алып баюды көздемей, шешім қабылдау кезінде қателікке жол берген болса, онда ол қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы керек. Әйтпесе, мемлекеттік аппараттың берекесін кетіреміз. Сыбайлас жемқорлыққа саналы түрде барған шенеунік қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс.

Өткен жылыту маусымында орын алған оқыс оқиғалар, өрт және технологиялық апаттар мәселесіне баса назар аударылды. Президент төтенше жағдайлардың салдарын жедел жою жұмыстарын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау қажеттігін айтты. Қоғамдық мүлікті бүлдіру, бұзақылық және вандализм сияқты оқиғалардың жиілеп кеткеніне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Жуырда елордада мас адам лифтідегі мониторды сындырғаны үшін оған 14 мың теңге ғана айыппұл салынған. Бұлай болмайды. Мұндай іс-әрекет үшін кемінде 15 тәулікке қамау керек немесе 1 жылға түзету жұмыстарына салу жөнінде жаза кесу қажет. Мұндай жағдайларға мүлдем төзбеу керек. Жеңіл жаза жарамайды. Ал іс жүзінде жазаламау салдары құқық бұзушылық пен қылмыстың одан әрі өршуіне алып келеді. Сондықтан осы мәселе бойынша заңнаманы қатаңдату керек.

Мемлекет басшысы биыл дәстүрлі форматта басталатын жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын қазірден бастап қолға алу қажет екенін айтты. Бұл ретте, оқу орындарының инфрақұрылымының дайындығын, оқытушылар мен тәрбиешілер штатының жасақталу деңгейін тексеруді тапсырды. Президент жиын соңында өңірлердегі ахуал үшін әкімдердің өздері жауап беретінін еске салып, қоғамдық-саяси тұрақтылықты және орнықты дамуды қамтамасыз ету олардың тікелей міндеті екенін атап өтті.

Оңғар Алпысбайұлы 


Хабарламаларға жазылу