Биыл елімізде мемлекеттік қызмет саласы оңтайландырылып, қызметшілердің саны 25 пайызға қысқарды. Десе де, өңірдегі мамандардың жүктемесі халық санының тығыздығына байланысты әлі де көп. Қатаң іріктеуден өтіп, жауапты қызметті қалтқысыз атқарып жүрген жандар туралы әріптесім Ардақ Мұратқызының бейнематериалы.
Бұл кәсіби суретшінің еңбегі емес, қарапайым қызметкердің ермегі. Әйгерімнің мамандығы - фармацевт. Жас маман бос уақытында сурет салып, кілем тоқығанды жаны сүйеді. Пандемия кезінде қалтқысыз еңбек еткен ол «Үздік парасатты мемлекеттік қызметші» байқауында топ жарды.
Әйгерім Сансызбаева, облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті бөлімінің бас маманы:
Қоймаларда, дәріханаларда медициналық мекемелерде мониторинг жүргізіп, дәрі тапшылығын жою жұмысын атқардық. Пандемия кезінде шекарада да қызмет етіп, халықтың денсаулығын басты назарда ұстадық. Еліме қызмет етем деп осы мемлекеттік қызметке жұмысқа орналастым.
Әйгерім өнерге жақын болса, Венера отбасымен бірге қоғамдық шараларға белсене қатысады. Есеп-қисап бөлімінде 17 жыл еңбек етіп келеді. Жолдасы полиция қызметкерінің де бүгін төл мерекесі. Қызмет қиындығына, уақыт тапшылығына қарамастан, балаларға көңіл бөліп, спортқа баулиды.
Үмбетқали Қажығалиев, полиция қызметкері:
Кіші ұлымыз Әділет бүгін осы Қарағандыдан келіп тұр, бірінші орын алып. Таэквондо жарысынан, маңдайымыз жарқырап қуанып тұрмыз.
Нұргүл Қажығалиева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының бөлім басшысы:
Жұмыстан жәй келсек те, бір сағат уақытымызды балаларға бөлеміз. Олармен бірге спорттық шараларына барамыз, қолдау көрсетеміз әрдайым.
Өңірдегі 434 мемлекеттік органда 4 мыңға жуық мемлекеттік қызметкер еңбек етеді. Абыройлы міндетті атқаруда басты өлшем - жауапкершілік, халық сенімін ақтау.
Ғалым Тұрсынбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО департаментінің басшысы:
Қоғам салық төлеу арқылы мемлекеттік қызметшілердің жалақысын беріп отырғаннан кейін, мемлекеттік қызметтегі жұмысты өте жоғары деңгейде атқаруын талап етеді. Бұл заңды құбылыс. Сондықтан біз осы қоғамға, мемлекетке адал қызмет етуіміз керек.
«Біздің міндет – халыққа қызмет» деп білетін жандар ел дамуына еселі еңбек ете бермек.
Ардақ Мұратқызы