Алматыда 37 жастағы келіншектен үнді штаммы анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 37 жастағы келіншектен үнді штаммы анықталды

23.06.2021

Алматыда 37 жастағы келіншектен үнді штаммы анықталды. Бұл туралы қаланың мемлекеттік бас санитарлық дәрігері айтты. Жандарбек Бекшиннің сөзінше, науқас үй шаруасындағы әйел, еш жерде жұмыс істемейді. 7 жастағы қызынан да сынама алынған. Келіншек қазір инфекциялық стационарда ем алып жатыр. Бас санитардың айтуынша, қалада соңғы 10 күнде коронавирустың мутацияланған штамдарына 63 зерттеу жүргізілген екен. 90 пайызға жуығы Британ штамы, 2 сынамада Оңтүстік Африкалық және 1 сынамада Үнді штамы анықталған. Таңертең екінші рет жүргізілген зерттеу нәтижесі «Дельтаның» барын растаған.

Жандарбек Бекшин, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың мемлекеттік бас санитарлық дәрігері: 
 Әрине, бұл жаңадан келіп жатқан штамм. Сондықтан, біздің ойымызша, бұл сырттан әкелген штамм. Айналымда барлық байланыста болған туыстар бар, достары бар. Жеті адамды біз зерттеуге алдық. Жеті адам қазір оқшаулауда. 

Сондай-ақ Жандарбек Бекшин үнді штамында дене қызуының көтеріліп, бұлшық еттің, іштің ауыруы мен есту қабілетінің нашарлауы сынды белгілер бар екенін айтып өтті. Бұл аса қауіпті, сондықтан, тұрғындардың өзін-өзі емдемей, дереу дәрігерге жүгіну қажеттігі айтылды. Қазір қалада айналымдағы 90%-ға жуық мутацияланған штаммдардың таралуына байланысты эпидемиологиялық жағдай күрделі. Мегаполис бағалау матрицасында «сары» аймақта.

Жазира Оразқызы

Хабарламаларға жазылу