Павлодар облысындағы «Ертіс-Успен» магистральдік су арнасының құрылысы тоқтап қалды. Себебі, республикалық бюджет қаржыландыруды доғарған. Нысанды салуға әлі 4 млрд 600 млн теңге қажет. Жартылай салынған нысанды енді құм басып, тозып барады.
«Ертіс- Успен» каналы - аймақтың суармалы егістік саласындағы ең ірі жоба. Ұзындығы 13 шақырым. 10 мың гектар алқапты суландыруға арналған. Бірақ биыл жұмыс тоқтап қалды.
Жұмакелді Қожанов, «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры:4 млрд 600 млн. теңге жетпей жатыр. Сондықтан биыл жұмыстар осы каналда тұрып қалды. Негізінде Казводхоз Павлодар облысының әкімшілігімен бірге осы бағытта жұмыс істеп жатыр.
Жобаның жалпы құны - 7 млрд 700 млн теңге. Бұл қаржының 3 млрд. теңгеден астамы игеріліп, құрылыстың 40 пайызы дайын тұр.
Леонид Баталов, құрылысқа жауапты кеңесші:Ендігі қауіп неден? Егер екі жыл қатарынан арна суға толтырылмайтын болса, есіл еңбектің ақталмағаны. Қазірдің өзінде шөп басып, құм бітеп тастады. Бетон плиталар күнге күйіп, тозып жатыр. Осылай қала берсе, 3 млрд теңгенің желге ұшқаны.
Магистральдік су арнасы тартылатын аумақтан жер телімін алған шаруалардың дені несиеге техника алып, егістікпен айналысуға дайын отыр. Құрылыстың созылып кетуі олардың қарызын өтеуге кедергі боп тұр.
Әбілқайыр Сқақов, облыс әкімі:Қажетті 7,7 млрд теңге бөлінетін болады. 40 пайызы игерілді. Қосымша келесі жылдан бастап осы жоба аяқталады. Содан кейін іске қосылады.
Аймақта суармалы егіс алқаптарының көлемі 126 мың гектар. Бүгінгі күні соның 58 мың гектары ғана пайдаланылады. Өйткені, басқа аумақтарға магистраль тартылмаған.
Болат Аманбаев