Күршім ауданында бөгет жарылып, шаруалар сусыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Күршім ауданында бөгет жарылып, шаруалар сусыз қалды

21.06.2021

Шығыс Қазақстанның Күршім ауданындағы шаруалар қып-қызыл шығынға бататын түрі бар. Себебі, су бөгеті дер кезінде жөнделмей, бүгінде 5 ауылдың халқы егіндік пен бау-бақшаға қажет судан тарығып отыр. Ал жауапты мекеме өкілдері дәл қазір жағдайды реттеуге еш мүмкіндік жоқ дейді.

 Күршім өзеніндегі мына су бөгеті 17 жыл бұрын жөнделіпті. Содан бері әбден ескіріп, онсыз да бұзылып тұрған дамбаны осы көктемде су тасқыны жарып кеткен. Шаруалар шулаған соң жергілікті әкімдік техника жіберіп, өзеннің суын «Жауғашты» каналына бұрамыз деп әуре-сарсаңға түсіп жатыр.

Мейрамбек Әсенов, шаруа қожалығының жетекшісі: 
10-15 күн өткеннен кейін судың деңгейі әлде де төмен түседі. Сол кезде бізде қайтадан проблема басталады. Бұл уақытша нәрсе. Ана бөгеуде жасамайынша бізде су болмайды.

 «Мойнақ» бөгеті 2017 жылдан бастап «Қазсушар» мекемесінің иелігінде. Шаруалар бөгеттің жырылуын осы мекемеден көріп отыр. Көктемде көмейге толып қалған топырақ пен ағашты тазаласа, бөгет бұлай бұзылмас еді дейді. Олар судың тарифімен де келіспейді.

Ержан Қойлыбаев, Сарыөлең ауылының тұрғыны: 

900 теңге көлемінде болған, гектарына шаққанда. Биыл 2355 теңгеге дейін көтеріп отыр. Баға жылда негізсіз көтеріледі. Көп шаруа қожалықтары алдын ала ақшасын төлеп тастап, қазір су ала алмай отыр.
Берік Көшербай, тілші: 
Бұл алқапқа осы көктемде күнбағыс егілген. Шаруалардың айтуынша, жылда осы уақытқа дейін майлы дақыл тізеге дейін өсіп қоятын. Бірақ, биыл жаңбыр жаумай және арықта су болмаған соң алқаптың аңқасы кеуіп, шаңы шығып жатыр.

Жылда 4-5 гектар жерге қызанақ егіп, шамамен 100 тонна өнім алатын Орал Ниетбаевтың да биыл еңбегі ақталмады. Көшеттері өспей жатып сарғая бастаған.

Оралтай Ниетбаев,  кәсіпкер: 
Бір апта бұрын ғана суарғам, сосын су келмеді. Енді 3-4 күн болса күйіп кете ме деп ойлаймын. Арықта торғай ішетін су жоқ.

Жарылып кеткен су бөгеті енді қашан жөнделетіні белгісіз. «Қазсушар» мекемесіне қаржы бөлінсе де қарекет етуге дәрмен жоқ.

Дидар Сәкетаев, «Қазсушар»  РМК облыстық филиалы Күршім өндірістік учаскесінің басшысы: 
Жырылған бөгет енді қаражат бөлінсе бөгеледі. Негізінде, қазір бөгелетін мүмкіндік те жоқ. Техникамен де жұмыс істей алмайсың, себебі су деңгейі көтеріліп тұр. Су деңгейі шілденің ортасына қарай түседі, сол кезде енді бастауға болады.

Жарылған бөгетті қалпына келтіру үшін нақты қанша қаражат қажет екені белгісіз. Тіпті бұл жұмыстың жобасы да әлі жасалмаған. Судың тапшылығы мал бағып отырған шаруаға да ауыр тиюде. Шабындыққа су жетпей, төрт-түліктің қысқы азығын дайындау үлкен проблемаға айналайын деп тұр.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу