Екіаша ауылының тұрғындары су электр станциясын салуға қарсы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екіаша ауылының тұрғындары су электр станциясын салуға қарсы

21.06.2021

Алматы облысы, Екіаша ауылының тұрғындары ауылға су электр станциясын салуға қарсы. Себебі халық елді мекен ішімен өтетін Үлкен Басқан және Кіші Басқан өзендерінің суы құбырға түсіп, экологиялық апатқа ұшырайды деп алаңдаулы. Қазірдің өзінде өзен бойы қазылып, ауылда мал жаятын жер қалмаған. Өңірдегі тілшіміз Қуаныш Қанатұлы екіашалықтардың талабын тыңдап қайтты.

Бұл ауылда бір емес, екі бірдей су электр станциясының құрылысы басталды. Жайқалып тұрған жасыл желек оталып жатыр. Су арнасы бұрылғаннан кейін жер асты сулары да тартылып, бау-бақша суғарудан қалдық дейді, ауылдағы ағайын.

Серғазы Сарыбаев, ауыл тұрғыны:
Мына суды трубаға салып, ауылдың үстінен өткізіп кетпек. Аяғы осы жерге әкелмек трубамен. Бұл сонда не қастандық? Ауылды сусыз қалдырайын деп отыр ма? Айта, айта шаршадық. Барлық жерге жаздық.

Ауыр техника ішкі жолдардың астаң-кестеңін шығарған. Тұрғындар қазылған шұңқырлардан мал да, адам да жазым болып жатқанын айтады. Екіаша халқының қазіргі талабы біреу.

Қайыргелді Әбдірахманов, ауыл тұрғыны:
ГЭС салынса халыққа да жұмыс болады. Зияны жоқ. Бірақ ауылға дейін, ауылдан кейін салынсын.

Жоспар бойынша өзен суы диаметрі 2,4 метр болатын құбырлармен ағады. Жалпы ұзындығы 14 шақырым. Құрылыс жүргізіп жатқан компания өкілдері жоба барлық құзырлы органдармен келісілген. Өзен суының тек бір бөлігін пайдаланамыз, деп отыр.

Данияр Досабаев, Baskan Power ЖШС техникалық директоры:
 Су аз болған жылдары елуде-елу пайыз мөлшерімен аламыз. Ал су мол жылдары өзеннің тек 30-40 пайызын ғана тұтынамыз. Одан артық бұл құбырға су сыймайды.

Бұл ауыл екі өзен арнасы қосылатын тұста орналасып, Екіаша деп аталған. Жер бедері су ағысының қуатын арттыруға қолайлы, әрі жол мен жарық сынды инфрақұрылымы бар болғандықтан иневесторлардың назарына іліккен. Тек жергілікті ағайынның жағдайы мен ауыл экологиясы назардан тыс қалып отыр, дейді тұрғындар. Ал атқарушы билік құрылыс аяқталғанда мердігерлер жолды тегістеп, басқа да барлық кемшіліктерді жояды деп отыр.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу