Алматыда көрнекті түрколог Ғұбайдулла Айдаровтың көне ескерткіштер тілі туралы еңбегінің техникалық қателері түзетіліп, 50 жылдан кейін қайта жарыққа шықты.
«8-ғасырдағы ежелгі түркі жазуындағы Орхон ескерткіштерінің тілі» атты кітапта Орхон өзені аңғарынан табылған жазбалар фонетикалық, лексикалық, морфологиялық және синтаксистік тұрғыда жан-жақты талданып, қазіргі түркі халықтары тілдерімен сабақтастығы көрсетілген. Автор өз зерттеуіне Тоныкөк, Күлтегін, Білге қаған, Онгин, Кули-Чор сынды ескерткіштердің жазбаларын арқау еткен. Кітаптың соңғы бөлігінде олардың толық мәтіні, транскрипциясы мен орыс тіліндегі аудармасы, сондай-ақ, грамматикалық форма көрсеткіштері және шағын сөздігі берілген.
Смағұл Елубай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Советтік заманда тыйым салынған тақырыпқа түрен салған ғалымның ендігі жердегі тұғыры биіктей бермек. Өйткені жалпы түркологияға қазір жол кең ашылды. Бұл бір өте игілікті іс деп білемін.