Армениядағы парламенттік сайлауда Пашинянның партиясы жеңіске жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Армениядағы парламенттік сайлауда Пашинянның партиясы жеңіске жетті

21.06.2021

Арменияның уақытша үкімет басшысы Никол Пашинянның партиясы парламенттік сайлауда жеңіске жеткенін жариялады. Бюллетендердің 100 пайызы саналып болды. Оның нәтижесіне қарағанда, «Азаматтық келісімге» электораттың 54 пайызға жуығы дауыс берген.

Арменияда мерзімінен бұрын сайлау ел армиясы Әзербайжан әскерінен жеңіліп, Таулы Қарабақтан айрылғаннан кейін жарияланды. Содан кейін Пашинянға отставкаға кету туралы қысым күшейді. Бірақ, премьер тағы да жер жоғалтудан және адам шығынын көбейтуден қауіптеніп, Бакумен бейбіт келісімге барғанын мәлімдеп,44-күндік соғысты тоқтатқан пәтуаны Армения үшін апатты деп атаған еді.

Осы жолы Пашинянның басты қарсыласы – экс-президент Роберт Кочерян болды. Бірақ бұрынғы мемлекет басшысының «Армения» блогы 21 пайыз ғана дауыс жинап, сайлау қорытындысын мойындамайтынын мәлімдеп отыр.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу