Денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін 10 мыңға жуық қызметкер коронавирус жұқтырып, оның 200-ден астамы қайтыс болған. Иә, дәрігерлерге айтылатын сын бар. Дегенмен корононавирус пандемиясы кезінде көбісі саланы басқаратындардың ұйымдастырушылық, басқа да істеріне, дәлірегі бюрократтарға барып тірелетін сын сияқты. Әйтпесе дәрігерлер мен мейірбекелер, санитарлық қызметкерлер мен жедел жәрдем жүргізушілері күн демей, түн демей, өмірін тәуекелге тігіп қызмет етті. Қызмет етіп отыр. Астанада коронавирус індетіне қарсы күреске зор үлес қосқан медицина қызметкерлеріне «Алтын жүрек» ескерткіші тұрғызылды.
Бұл – «Алтын жүрек». Медицина мамандарына арналған ескерткіш. Атауының мәнін мемориалдың өзінен табуға болады: бір бұрышында «Ковид-19 індетімен күресу жолында өз өмірі мен денсаулығын тәуекелге тіккен біздің алтын жандарға!» деген жазуы бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл жаһандық дертке қарсы күрескен отандастарымызға деген ел құрметінің белгісі. Ескерткіш ел басына қиындық туған сәтте қаһармандық көрсеткен жандардың рухына тағзым ету орнына айналады. Елімізде 260 мыңға жуық дәрігер бар. Олар әрбір науқастың жанына шипа іздеп күндіз-түні жұмыс істеп жүр. Дәрігерлер талай адамды өлім аузынан арашалап қалды.
Коронавирус пандемиясы кезінде дәрігерлер өз басын қатерге тікті. Осы күнге дейін денсаулық сақтау саласында істейтін 10 мыңға жуық қызметкер вирус жұқтырып, оның 200-ден астамы қайтыс болған. Оларға үстемеақы мен сақтандыру жәрдемақысын төлеуге бюджеттен 180 млрд тг бөлінген еді. Кей жерде сол қаражатты алуы тиіс мамандардың алмағаны факт. Ол туралы материал жасадық та.
Енді тағы 72 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылады екен. Тағы әділетсіздік болмауы керек.
Мұхтар Төлеутаев, Нұр-Сұлтан қаласы көп салалы медицина орталығының директоры:
Егер біз статистикаға жүгінсек 12 мың адам емделіп шығыпты біздің орталықтан. Індеттің шырқаған кезінде 1290 төсек болды. Сонда біздің сырқатқа шалдыққан адамдар емделіп, 2 мыңнан астам медицина қызметкерлері жұмыс жасады.
Эльмира Әдішова, инфекционист-дәрігер:
Ең алғашқы науқасты, коронавируспен мен қабылдадым. Содан бері біздің бөлімшеден 1200 науқас емделді. Әрине оңай болған жоқ. Бірақ дер кезінде мемлекет тарапынан медициналық жабдықтар қамтамасыз етілді.
Президент медицина қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан қорғау жүйесін құруды тапсырды. Онда, әсіресе, ауылдағы мамандарға үй беру, жәрдемақы төлеу жағы ескерілуі тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Медицина қызметкерлеріне тек қаржылай қолдау жеткіліксіз. Қазір олардың моральдық жауапкершілігі артып, азаматтар тарапынан қойылатын талап өсті. Көп маман қысымға шыдамай денсаулық сақтау саласынан кетіп жатыр. Әлем бойынша бес миллион дәрігер жетіспейді. Сондықтан, медицина қызметкерлерін құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғау қажет. Жыл соңына дейін олардың кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін іске қосуды тапсырдым.
Сондай-ақ, дәрігерлердің мәртебесін арттыру үшін «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері» атағы енгізілмек. Оған ие болғандарға материалдық сыйақы беріледі. Президент орта деңгейдегі медицина қызметкерлерін де қолдау қажет деді. Себебі олар денсаулық сақтау жүйесінің басты ресурсы және жұмыстың негізгі бөлігін атқарады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бізге мейіргерлердің жаңа буынын қалыптастыру қажет. Олар тек орындаушылар ғана емес, көп салалы емдеу тобының жауапкершілік жүктелген тең құқықтық мүшелері болуы тиіс. Осы орайда олардың кәсіби дайындығының деңгейін біртіндеп көтеріп, мейіргерлік ісінің мәртебесін арттыру қажет.
Ескерткішті ашқасын Президент нөмірі 103 қалалық емханаға барып, медициналық орталықтың алғашқы көмек беруге арналған заманауи кабинеттерін аралап көрді. Жетіспей тұрғаны тек жедел жәрдем көлігі екен. Оны президент сыйға тартты.
Олжас Аменов, амбулаториялық-емханалық кешені директорының орынбасары:
Қазіргі кезде орталыққа 78 мыңнан астам адам тіркелсе оларға қызмет көрсететін 450 астам адам жұмыс істейді. Биыл мамырда күніне 500 адам қабылдайтын жаңа кешен ашылды. Мұнда тіркелген 23 сала бойынша диагностикалық көмек көрсетеді. Сондай-ақ ересектер мен балаларға оңалту қызметтерін жүргізіледі. 150 орындық күндізгі стационар да ашылды.
Елордада осы секілді алғашқы медициналық көмек көрсететін 36 ұйым бар. Бірақ Конституция бойынша «адам мен адамның өмірі» ең қымбат қазынасы саналатын ел үшін мұндай ғимараттар, инфрақұрылым, технология деген айтқызбай-ақ, сұрамай-ақ болуы тиіс базалық элеменнтер. Ал тіні – әрбір медицина қызметкерінің ішкі дайындығы, антына беріктігі шығар. «Алтын жүрек» дегеніміз сол.
Данияр Қайыртай, Досжан Маратұлы