Теріскейлік полицей өзіне қол жұмсамақ болған қызды құтқарып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теріскейлік полицей өзіне қол жұмсамақ болған қызды құтқарып қалды

02.05.2019

Қысылтаяң сәтте қайсарлық көрсеткен жігіт - Денис Комаров. Жора-жолдастары мен әріптестерінің арасында сыйлы, ісіне адал, білікті маман мемлекеттік тілді еркін меңгерген.

Бұл - жуырда Есіл өзенінің жағасында болған оқиға. Жардан секірмек болған қызды көріп қалған Денис бойжеткенді құтқарып қалды.

Денис Комаров, патрульдік полиция қызметкері:

- Орталыққа хабар беріп, бойжеткенге жақындадым. Тез арада әріптестерім де келіп жетті. Бірақ қолынан ұстай алмадым. Олар жарға жақындап, қыздың көңілін аулады. Осы жағдайды пайдаланып, өзіме қарай тартып қалдым. Арқан байлап қызды жоғарыға көтердік.

Денис теріскейдегі Уәлиханов ауданының тумасы. «Отаным - Қазақстан, сондықтан мемлекеттік тілді білу - міндетім» деп есептейді.

Денис Комаров, патрульдік полиция қызметкері:

- Қызылтау деген ауыл бар, Уәлиханов ауданында. Қазақ баларының ортасында өстім, достарым - қазақтар. Сол колледжде оқып жүрген кезімде полицей боламын деп шештім. Неге екенін білмеймін, ұнайды маған.

«Адамның кісілігі сөзінде емес, ісінде. Полицияда қызмет етпесем де, қызды құтқарар едім, өйткені басына іс түскен адамға көмек беру - әр азаматтың борышы»,- дейді ол.

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу