Алакөлдің асау толқынынан қатер көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алакөлдің асау толқынынан қатер көп

18.06.2021

Айдынды Алакөлдің жағасын су шайып жатыр. Күзде және көктемдегі қатты желден пайда болатын толқынның екпіні жергілікті жұртты көптен алаңдатып келеді. Себебі, бір кездері ауыл шетіндегі кейбір нысандарды су шайып, тып-типыл еткен.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Көктем күз айларында Алакөлдің асау толқыны бес-жеті метр биіктікке көтеріледі. Ал жыл сайын 1,5-2 метр жағаны шайып құлатып жатыр. Тұрғындардың айтуынша мына мен тұрған жер бұрын көше болған.

Су шайып, құмы опырылған жар Мәулетхан Бибішевтің үйінің іргесіне жақындап қалды. Жаға биыл бекітілмесе жағдай қиын болмақ.

Мәулетхан Бибішев, Көктұма ауылының тұрғыны:
Магазин кетіп қалды мына жерде. Су құбыры кетіп қалды. Міне орны әне жерде көрініп жатыр. Енді суды жоғары жақтан әкеп береміз деп отыр. Жоғарғы көшемен.

Жағаны бекіту жұмыстары Ақши ауылында басталды. Республикалық бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. 2022 жылға дейін мердігерлер екі елді мекенде 14 шақырым жағаны бекітіп шығуы тиіс. Жағаны нығайтудың тың әдісі елімізде алғаш қолданылып отыр. Ұзындығы бес метр қазықтар қағылып, сырты темірмен қапталып, ішіне бетон құйылады. Сыртынан қиыршық тас төгіледі.

Иван Шипунов, «Алакөл» учаскесінің бастығы:
Шомылу маусымы басталатындықтан біз бұл жердегі жұмысымызды тоқтатамыз. Бірінші шілдеден Көктұма ауылына ауысамыз. Жоспарлы жұмыстарымызды биыл жыл соңына дейін аяқтаймыз деп отырмыз.

Былтыр Көктұма ауылында жар құлап, селфи жасаймын деген бойжеткен мерт болды. Биыл мұндай қайғылы жағдайды болдырмас үшін ауыл әкімдігі өз күштерімен қауіпті деген жарларды құлатып, тегістеуге кіріскен.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу