Иранда бүгін президенттік сайлау өтіп жатыр. Оған дауыс беруге құқығы бар 59 миллионнан астам адам қатысуы керек. Дегенмен, әлеуметтік зерттеулерге қарағанда, осы электораттың 41 пайызы ғана бүгін учаскелерге барып, бюллетен тастауы мүмкін.
Иранмен 2015 жылы жасалған ядролық келісімнің тағдыры белгісіз. Ал, АҚШ-тың жылдар бойғы санкциялары Ислам Республикасында кедейшілікті күшейтіп отыр. Осыған байланысты дауыс берушілер бұрынғыдан аз болуы мүмкін.
Бұл сайлауда діни элитаға бағынышты Ибрахим Раиси жеңіске жетуі мүмкін. 60 жастағы Раиси - Иранның рухани жетекшісі және Батысқа қатысты қатаң позициясымен танымал Аятолла Әли Хаменейдің жақын сыбайласы. Ал, қазіргі президент Хасан Рухани конституция бойынша мемлекетті үшінші рет басқара алмайды.
Арыстан Рысбек