Түркияда бүгіннен бастап 35 жастан асқан азаматтарға вакцина егіле бастады. Соңғы күндері тәулігіне бір миллионнан астам адамға екпе салынуда. Бүгінге дейін елдегі ересек халықтың жартысынан астамына, яғни 40 млн-ға жуық адамға вакцина егілді. Маусымның соңына дейін 35 жастан асқан азаматтардың барлығына екпе салып бітеміз деді елдің Денсаулық сақтау министрі. Осылайша жалпыхалықтық иммунитет қалыптасуы тиіс. Халықтың вакцина салдыруда белсенділігі жоғары. Көптеген емханаларда екпе салдырғысы келетіндер кезек күтуге мәжбүр. Карантин мен жаппай вакциналаудан соң Түркияда вирустың таралуы күн өткен сайын азайып келеді.
Фахреттин Қожа, Түркияның денсаулық сақтау министрі:
Пандемияға қарсы күресте, вирустың осал тұсын тауып, оны жеңудің алдында тұрмыз. Жаппай вакциналау бұл майданда бізге жеңіс әкелді. Жалпыхалықтық иммунитетке қол жеткізуге санаулы күндер қалды. Осы жолда еңбек еткен, сабыр сақтаған баршаңызға алғысымды білдіремін.
Айдос Әшімұлы