Елордада үйін 2 жыл күткен үлескерлер тағы да наразылыққа шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада үйін 2 жыл күткен үлескерлер тағы да наразылыққа шықты

17.06.2021

Елордада сақалды құрылысқа ақшасын салып, сан соғып қалғандар тағы наразылыққа шықты. Бұл жолы «Алтын Шар-2» тұрғын үй кешенінің үлескерлері жауапты компанияның алдына жиналды. Олардың шағымын біздің тілшіміз де тыңдап келді.

Аманкелді Сейтхан,  тілші:
Құрылысы аяқталмаған мына тұрғын үй осыдан 2 жыл бұрын берілуі керек болған. 2019 жылы мұнда 22 қабатты зәулім кешен бой көтеруі тиіс еді. Бірақ, қазірдің өзінде тек 11 қабаты ғана салынған.

Баспана құнын 100 пайыз төлеп қойып, үйдің берілуін сарыла күтіп жүрген 300-дей үлескер бар. Нысанға әу баста жауапты болған «Шар құрылыс» компаниясы міндетін дұрыс атқармаған соң, шаруаны ширатуды мемлекет «Елорда құрылысқа» жүктеген. Бірақ, одан да қайыр жоқ.

Бердібек Мырзағалиұлы, үлескер:
 Үш кранның біреуі ғана істеп тұр қазір. Жыбыр-жыбыр. Сол бір кран қозғалса қуанамыз бәріміз.
Рахила Абдукаримова, үлескер:
 Біз жүрміз міне қаңғырып. Не үйіміз жоқ, не ипотека төлейтін ақшамыз жоқ. 
Альфида Сәтекова, үлескер:
Біздің ақшамыздан бөлек, құрылыс компаниясына көмек ретінде 12 млрд теңге бөлінді. Бірақ, сонда да нәтиже жоқ. Бізге ақшаның қалай жұмсалғанын, үйіміз неге аяқталмай жатқанын ешкім түсіндірмейді.

Шу шыққаны сол еді, халықтың алдына екі компанияныңөкілі бірден жетті. Бірақ, бір қызығы, екеуінің пікірі бір-біріне кереғар. Алдымен, «Шар-құрылыс» өкілі мәселені жыл соңына дейін шешеміз,-деп ант су ішті. 

Александр Ковалев, «Шар-құрылыс» компаниясы директорының орынбасары:
Жоспар бойынша желтоқсанның соңында құрылыс толық аяқталуы тиіс. Жұмысты тездету үшін жаңа команда тартып жатырмыз.

Құрғақ уәдеден қажыған халық жан-жақтан қыспаққа алғанда «Елорда құрылыс» басшысыныңда сөзі мың құбылды.

Мақсат Шаяхметов, «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС атқарушы директоры:
Біз бұл соңғы уәде деп кепілдік бере алмаймыз. Бірақ, жұмыс тезірек аяқталу үшін күш салып жатырмыз. Негізі біздің міндет мемлекет ақшасын осындай жобаларға инвестиция ретінде құйып, кейін содан пайда табу ғана.

Осылайша, жауаптылар сөз бұйдаға салып, құрылысты қашан аяқтайтынын тағы да ашық айтпады. Ал, жиған-тергенін осы үйге төлеп, енді тентіреп жүрген жұрт болса, төзімдерінің әбден таусылғанын айтып түңіліп, тарқасты. 

 Амангелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу