Транзиттік жүк көліктері Жамбыл облысында қаңтарылып тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Транзиттік жүк көліктері Жамбыл облысында қаңтарылып тұр

17.06.2021

Қырғызстаннан Ресейге бет алған жүк көліктері екі аптадан бері Жамбыл облысында қаңтарылып тұр. Киім-кешек тиелген алпыстан астам жүк көлігінің жүргізушілері негізсіз тексеруге тап болдық дейді. Өңірдегі тілшіміз Сәбит Әлдебай қос тарапты тыңдап қайтты.

Меркідегі мына қаңтарылып тұрған 40-қа жуық көлік осыдан екі апта бұрын шекарадан шыққан. Айтуларынша, бүгінге дейін тауарларын тексереміз деп тұраққа кіргізген мамандар бір рет қана келіп кеткен. Сыпатай батыр бекетінен шыққан жүк керуендері тауарға тапсырыс беруші ресейліктерге жүктерін жеткізе алмай әуре.

Виктор Рыжов,  жүргізуші:
Біріншіден тексерейік демейді. Екіншіден транзитті тоқтатуға болмайды. Үшіншіден, Кедендік одақ не үшін керек? Осылай қинап, жалғаса бола беретін болса оны неге құрды? Қайта ол жоқ кезде жақсы еді. Проблема болмайтын.

Ұзақ күтуден торығып, тамақтан тарығып отырған жүргізушілер автотұрақтың бастырмасында ас ішеді. Жуынатын жері де осы. Кейбірі тауарларының қасында түнеуге мәжбүр. Мұндағы әр Камаздың ішінде 12 тоннадан бастап, 20 тоннаға дейін тауар тиелген.

Владимир Чугуев, жүргізуші: 
Ешқандай жағдай жасалмаған. Автотұраққа тәулігіне 4 мың теңге төлейміз. Бәрін алып қойды, құжаттарымызды қайтармайды. Салықшылар бізге тек төлқұжатымызды ғана берді. Қалған жүргізушілердіңкін мүлде бермеді.

Басқармадағылар тексеру жүрмейді дегенді жоққа шығарды. Тек тексеретін адам саны аз екенін айтады. Қазір бір ғана маман жұмыс істеуде. Жауаптылардың айтуынша, тиелген тауарлар қырғыз емес, өзге елдің өнімдері болуы мүмкін.

Елдос Байымбетов, Меркі ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары: 
Жалған құжат бойынша ол жерде деректер бар. Сол деректер бойынша біз тексеріс жүргіземіз. Егер анықталған жағдайда әкімшілік айыппұл салынады. 7 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін.

Сондай-ақ, Айша бибі кеден бекетінен өткен жүк көліктері де осындай жағдайға тап болған. Жүргізушілер құжаттарымыз дұрыс десе де, тексеріс бір айға созылмақ.

Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу