Қордайдағы жол апаты: Автобус жүргізушісі қамауға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қордайдағы жол апаты: Автобус жүргізушісі қамауға алынды

24.04.2019

Енді 44 жастағы күдікті екі ай бойы Тараздағы уақытша қамау абақтысында тергеледі.

Жарасқан Ақбердиев, Жамбыл облыстық Полиция департаменті Тергеу басқармасы бастығының орынбасары:

 - Сол күні оның ҚР ҚК 345-бабы, 4-ші бөлігі бойынша іс-әрекеті сараланып, аудандық соттың қаулысы негізінде 2 ай мерзімге қамаққа алынды. Егер оның іс-әрекеті сотта дәлелденсе, ол 10 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Оның қоғамдық тасымал көлігін тізгіндеп жүргеніне 11 жыл болған екен. Жол апаты өткен сенбі күні түнгі сағат 04:00 шамасында Алматы-Ташкент тас жолының 181-шақырымында болды. Әуелі Toyotа жеңіл машинасы бір бағытқа бет алған Mercedes-Benz жүк көлігінің артына барып соқтығысқан. Жеңіл көлікте отырған 30 жастағы келіншек оқиға орнында қайтыс болды. Содан кейін Шымкенттен Алматыға бет алған жолаушылар автобусы соқтығысқан көліктерді айналып өтпек болғанда аударылып кеткен. Оқыс оқиға кезінде 11 адам көз жұмды. Қазір жеңіл көліктің жүргізушілеріне қатысты да тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

Хабарламаларға жазылу