Қазақстандықтардың 26 пайызы екпе салдырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтардың 26 пайызы екпе салдырды

16.06.2021

Коронавирустың өте көп мутациясы тарайды. Бүгін баспасөз алаңында сұхбат берген Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осылай деді. Министрдің сөзінше елде үнді штамы тіркелген жоқ. Дегенмен өзге мутацияланған вирус түрлерінен қауіп көп. Десе де, аурудың таралу қарқыны адамдардың тәртібіне байланысты, деді министр. Карантиндік талаптарды өрескел бұзатындар да азаяр емес. Енді «Ашық» жобасы оған тосқауыл болмақ. Қызыл және сары белгі анықталған азаматтарға айыппұл салынады. Толығырақ Раушан Сайлауқызы.

Ashyq қосымшасы жұмысын бастағалы қызыл және сары мәртебесі бар 8 884 адам анықталған. Оның 50 пайызы елордалықтар. Яғни, көп адамдар мәртебесін біле тұра үйде оқшаулау режимін сақтамайды. Бұдан былай оларға жаза қатаң. Егер азамат көше аралап, айналасындағыларға жұқтыру қаупін тудырса, оған 87 510 теңге әкімшілік айыппұл салынбақ. Мамандар, әсіресе, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары карантиндік талапты екі есе жиі бұзатынын айтады.

Айжан Есмағамбетова, ҚР Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы:
Егер бүкіл ел бойынша карантинді бұзу деректерін салыстыратын болсақ, онда маусымда ел бойынша - 1 пайыз, Нұр-Сұлтанда 3,5 пайыз дерек тіркелген. Яғни, Нұр-Сұлтанда шектеу шаралары екі есе жиі бұзылатынын көріп отырмыз. Тағы бір маңызды себеп - вакцинация қарқынының төмендеуінде. Сәуірде - 98 мың, мамырда - 52 мың, ал маусымда 16 мың адам екпе салдырған. Яғни, күн сайын вакцина алғандар саны азайып бара жатқанын көреміз. Осы параметрдің бәрі коронавирустың тарауына және Нұр-Сұлтанның «қызыл» аймақта қалуына ықпал етеді.

Қазақстандық вакцинаны салдырғандар Тайланд, Венгрия және Моңғолия елдеріне емін-еркін баруға мүмкіндік алмақ. Себебі осы үш елмен қазір вакцинация паспортын мойындау мәселесі қарастырылып жатыр. Қазақстанда үш түрлі вакцина қолжетімді еді. Бұл тізімге Қытайдың коронавак екпесі қосылып, 500 мың доза елге жеткізілді. Жалпы, қазақстандықтардың 26 пайызы екпе салдырды. Екпе қоры барлық өңірде жеткілікті. Ал Жамбылдағы зауыт күзде қолданысқа берілмек.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Соңғы күндері 90-100 мың вакцина салынып жатыр. Біз бұл жұмысты күшейте түсеміз. Әрине, адамдардың белсенділігі артады деген сенімдеміз. Өйткені, вирусты екінші рет жұқтырып, қайта ауырып қалып жатқан дерек көп. Мутацияланған вирус тарауы мүмкін. Мұны алдын-алудың жалғыз жолы екпе егу екенін баса айтқым келеді.

Жалпы, елдегі эпидемиологиялық жағдай мамыр айынан бастап біршама жақсарды. Өткен аймен салыстырғанда ауруды жұқтыру көрсеткіші 1,7 есе азайды. Республика бойынша инфекциялық төсектердің толымдылығы 23%. Еліміз он күн бойы жасыл аймақта тұр. Дегенмен, былтыр дәл осы уақытта вирус кең таралып, жағдайдың ушыққанын білеміз. Сондықтан мамандар былтырғы жағдай қайталанбас үшін босаңсуға болмайтынын ескертті.

Раушан Сайлауқызы, тілші:
Денсаулық сақтау министрі күзге дейін 10 млн қазақстандық екпе салады деп жоспар құрған. Егер осы жұмыс жүйелі орындалмаса отставкаға кетесіз бе деген журналистердің сауалына біз халықты мәжбүрлей алмаймыз деп жауап берді министр. Әрі Үкіметтің әрбір мүшесіне қатысты кез келген мәселені Мемлекет басшысы шешеді. Сондықтан жұмыс қалай бағаланса, солай шешім қабылданатынын айтты. Бес айдан бері елімізде небәрі екі жарым млн адамға екпе егілді. Ал министрдің жоспарына сәйкес, күзге дейін 7 жарым млн қазақстандық вакцина салдыруы қажет.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу