Вакцинаны саяси құрал ретінде пайдалануға жол бермеу керек! Бүгін Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммитіне қатысқан мемлекет басшысы осылай деді. Әрі Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға мүше елдерді отандық QazVac екпесімен қамтуға дайын екенімізді жеткізді. Жалпы онлайн өткен саммитте ғылым, технология және инновация салаларындағы өзара ықпалдастық мәселелері, сондай-ақ, 2026 жылға дейінгі аталған бағыттардағы міндеттердің жүзеге асырылу барысы талқыланды.
Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технология жөніндегі саммиті Қазақстанның бастамасымен өтіп келеді. Сондықтан алғаш болып сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның міндеті - ғылым жолымен даму деді. Қазір елімізде заманауи инфрақұрылым бар. Ғылыми жетістіктер мен технологияларды өзгелермен бөлісуге дайынбыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Біздің академиялық және ғылыми-зерттеу институттарымыздың флагманы саналатын Назарбаев Университеті, сондай-ақ, Astana IT орталығы жасанды интеллект, Big Data және кибер қауіпсіздік салаларындағы бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстары мен тәжірибелік-конструкторлық жобалар үшін база қалыптастыра алады. Сондай-ақ, ұйымға мүше елдердің студенттері үшін бакалавриат бағдарламасы бойынша отандық оқу орындарында 100 грант бөлуге әзірміз.
Қазақстан коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеген санаулы елдердің бірі. Бұл еліміздегі ғылымның ілгері басқанын білдіреді. Қазір QazVac ДДСҰ-да мақұлдау рәсімінен өтіп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: (ауд)Қазақстан Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдерге гуманитарлық көмек ретінде өз вакцинасын ұсынуға дайын болады. Сонымен қатар біз QazVac вакцинасын ұйымға мүше өзге де елдерде өндіру мүмкіндігін қарастыра аламыз.
Пандемиямен күресте ортақ күш жігер қажет. Ұйымға мүше 57 ел індетті бірігіп еңсеруі тиіс. Бірақ вакцинаны саяси құрал ретінде пайдалануға жол бермеу керек деді президент. Сондай-ақ мемлекет басшысы экономиканы цифрландыру, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту, Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдерге қолдау көрсетуді жалғастыру мәселесін де көтерді. Әрі елдеріміздің келешегі ғылым мен инновация саласындағы жетістіктерге байланысты екенін еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Ислам әлемінің ғылыми әлеуеті зор деген ортақ пікірді қолдаймыз. Алайда адам капиталын дамытуда, әсіресе сапалы білім беру ісіндегі инвестициялардың көлемін арттыруымыз қажет. Сонымен қатар ғылыми ықпалдастығымызды нығайтып, дамыту өте маңызды болып отыр. Дәл осы шаралардың арқасында ислам әлемінің ғылым мен инновация саласындағы абыройын арттыра аламыз.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметін және халқын ел тәуелсіздігінің 50 жылдығымен және «Әл-Амал» спутнигінің Марс орбитасына сәтті шығуымен құттықтады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы бұл жетістіктің барша ислам әлемі үшін аса маңызды екенін атап өтті.
Досжан Маратұлы