Биыл Шығыс Қазақстан облысында 647 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Шығыс Қазақстан облысында 647 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі

15.06.2021

Биыл Шығыс Қазақстан облысында 647 мың шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға береді. Әсіресе облыста жеке тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Жақында «Бір қабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасы аясында Семейде 25 үй салынады. Облыс әкімінің бастамасымен іске асып жатқан жоба шеңберінде аудан орталықтары мен ауылдарда 700 пәтер салу жоспарланған.
Қаланың сол жағалауындағы Комсомол ауданындағы мына үйлер қазір қолданысқа дайын. Жергілікті әкімшілік арнайы учаске бөліп, инфрақұрылымын ретке келтірген. Ал құрлысты жеке компания өз есебінен жүргізген. 83 және 116 шаршы метр болатын баспаналар өте сапалы. Енді мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде табысталмақ.
Асхат Мейірманов, мердігер мекеме басшысы: 
Біз алғаш рет үйді осылай газбен жылытылатын етіп салдық. Әр үйге жеке шет елдік газ қондырғысы орнатылды. Оған қоса ыстық су да газ арқылы жылынады. Сатып алған тұрғын өзі таңдайды. Үйге көмірді де пайдалануға болады. Ондай пеш те қарастырылған.
Алдағы уақытта жаңа үйлер бой көтерген аудан абаттандырылып, балабақша мен мектеп салынбақ. Ал қалада халық көп шоғырланған «Шығыс» кентінде жаңа білім ошағының құрылысы жүріп жатыр. Бұл ауданда 1400 бала мектеп тапшылығын сезініп келген. Енді мәселе реттеледі-дейді мамандар.
Николай Ушаков, мердігер компания өкілі:
Мектеп барлық заманауи құрал-жабдықтармен жарақталатын болады. Пәндерге арналған сыныптарды қазіргі білім стандарттарына сай етіп дайындаймыз. Балаларды кәсіпке бейімдеу үшін де түрлі құрылғылар орнатпақпыз. Зертханалар болады.
Қазір құрылысы жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Білім ошағы биыл желтоқсан айында қолданысқа берілмек.
Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу