Оралда бір күнде қос катер суға түсірілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда бір күнде қос катер суға түсірілді

15.06.2021

Оралда бір күнде қос катер суға түсірілді. «Қайсар» үлгісінің кемелері мемлекеттік шекараны қорғап-күзетуде қолданылады. Бұл – Тәуелсіздік алғалы «Зенит» зауытында шыққан 33-ші және 34-ші отандық өнімдер. Су көлігінің ерекшелігін әріптесім Ардақ Мұратқызы көріп келді.

Ардақ Мұратқызы, тілші:
Бүгін Оралда кемені суға түсірудің кезекті мерекесі өтті. Бұрынғыдан ерекшелігі – бір емес, екі катер жағаға әкелінді. Атаулары да ерекше – «Исатай» мен «Махамбет» батырлар. Су көліктері мемлекеттік шекараны қорғауға және күзетке арналған.

Қос катер жылдамдығымен ерек. Сағатына 70 шақырымды артқа тастайды. Әрқайсының су ығыстырылымы – 15 тоннадан. Әскери су көліктерінің көмегімен шекараны күзетіп қана қоймай, қарақшылықпен күресіп, іздеу-құтқару қызметін де атқарады.

Еркін Қанатов, катер командирі:
Бұл катер жаңа навигациялық құрылғылармен жабдықталған. Мынадай картографикалық аппарат бұрынғы шағын катерлерде болған жоқ. Исатай-Махамбет батырларымыз қазақ жерін қорғап қалған, найзаның ұшымен, білектің күшімен. Сол себепті біз де аталарымыздың атын осы катерлерге беріп отымыз.

Су көліктерін құрастыруға зауыт жұмысшылары бір жарым жыл уақыт жұмсаған. Тың құрал-жабдық, жаңа қару-жарақпен қамтылған. Отандық өнім шекара қызметінің қорғаныс қабілетін күшейтеді.

Вячеслав Валиев, зауыт директоры:
Қозғалтқыш, суатқышы - америкалық құрылғылар. Байланыс, бағыт-бағдар жүйесі де заманауи. Суда үш күн тоқтамай, өз бетімен жүре алады. Төрт адамдық экипажға барлық жағдай жасалған.

Бір аптадан соң қос катер Жайық өзені арқылы Каспий теңізіне жол тартады. Сынақтан өткеннен кейін әскери борышына кіріседі.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу