Семейде жылу қазандықтарын жөндеу жұмыстары 15 тамызға дейін аяқталмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде жылу қазандықтарын жөндеу жұмыстары 15 тамызға дейін аяқталмақ

11.06.2021

Семейдегі жылу қазандықтарын жөндеу жұмыстары 15 тамызға дейін аяқталуы тиіс. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов жауапты тұлғаларға осындай тапсырма берді. Биыл қаланың жылуға қатысты мәселелерін шешу үшін 2 млрд 600 млн теңге бөлінген.

«Ғаббасов» қазандығы - қаладағы ең ірілерінің бірі. Өткен қыста жылу тапшылығы байқалған. Сол себепті биыл жөндеу ерте басталды. Келесі жылы қосымша қазандық орнатылмақ. Осы сынды «Орталық», «35-ші квартал» аталатын жылу нысандарында да ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бекен Үкібасов, қала тұрғыны: 
Жылу құбырлары мен қазандықтарды жөндеуді биыл ерте бастап жатқандығын көзбен көріп жүрміз. Қыстың қамын, жазда ойлап жатқандығын көріп отырмыз. Биыл қыста жылудан таршылық көмейміз-деп сенеміз.
Бибігүл Алпанова, қала тұрғыны: 
3-4 жыл болды жылу жүйесінен халық ешқандай зардап шеккен жоқ. Авариялық жағдай болған жоқ. Сол үшін де биыл қайтадан жөндеп жатыр.

Мердігерлер барлық жылыту нысандарындағы жұмысты қыркүйек айында аяқтауы қажет болған. Алайда, аймақ басшысы 15 тамызға дейін бітіруді тапсырды.

Даниал Ахметов, ШҚО әкімі: 
Оң жағалауда өткен жылы көп олқылықтар болды. Биыл біз қосымша 900 млн теңгеден астам қаржы бөлдік. Қазір менің орынбасарым жылу толық ретке келгенше қалада тікелей қадағалау жасайтын болады. Жылу берудегі бақылауды күшейтіп, жылудың босқа шығындалмауын реттесек бәрі қалпына келмек.

Өткен қыста қала бойынша жылудың 36 пайызы далаға кеткен. Олқылық 12 шақырым жылу құбырларындағы ақаулар мен бақылаудың жоқтығынан орын алған,-дейді облыс басшысы. Енді жоспарлы жөндеу уақытылы аяқталса, қыста семейліктер жылудан таршылық көрмейді.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу